Тәуелсіздік – баға жетпес байлығымыз

[metaslider id=”8696″]

«Ұлы даланың ұлық мерекесі». Дәл осындай тақырыппен Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шара өтті.  Аталар арманының ақиқатқа айналып, өз алдына ел болып шаңырақ көтерген Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған мерекеде мектеп ұстаздары мен оқушылары ел тарихы жайлы көптеген ақпараттарға қанықты.

– Ел Тәуелсіздігін мерекелеу аясында – оқушыларымыздың бойына ұлттық болмысты сіңіруді, намыстарын жануды басты орынға қойдық. Көздегеніміз – әр шәкіртіміздің сан ұлтқа пана болған ортақ Отанымыз Қазақстанның өсіп өркендеу жолын жатқа білуі. Сондықтан мереке бағдарламасын былтырғыдан сәл түрлендіріп, жаңа леп, жаңа бағыт енгізіп отырмыз. Әр қазақстандық өскелең жас ұрпақ Тәуелсіздік деген ұғымның бәрінен биік тұратындығын анық сезінуі тиіс,- дейді көркемдік жетекші Руслан Қасенов.

Расында да бұл мереке былтырғы мерекеден өзгеше. Мектеп ұстаздары сомдаған Шәкәрім,Мұхтар сынды ұлылар бейнебаяндар арқылы көрерменге тіл қатып, өмірлік азық болар өсиеттерін айтты. Хәкім Абайдың «Көзімнің қарасы» төменгі сынып оқушыларынан құралған хордың күшімен сәтті шықса, этно-фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Көроғлы», домбырашылар оркестрі тартқан «Адай» күйі ерекше әсер сыйлады.   Мектебіміздің күміс көмей әншілерінің орындауындағы «Қазағымсың», «Қазақ елі осындай», «Туған жер» әндері, «Асыл», «Самрұқ» би топтарының мың бұрала билеген билері де мереке ажарын аша түсті. Еліміздегі ең басты мейрам Назарбаев Зияткерлік мектептері әнұранын бірлесе шырқаумен қорытындыланып, оқушылар ел дамуына сапалы білім, саналы тәрбие алу арқылы үлес қосатындықтарын айтты. Тәуелсіздік күнін мерекелеу тек қана концерттік бағдарламамен шектелген жоқ. Талантты оқушылардың қолынан шыққан өнер туындыларының көрмесі қойылып, куратор сағаты осы тақырыпқа арналды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі