«Қартқа бізден құрмет бар!» Жатақхана тәрбиеленушілері аға буын өкілдерін ардақтады.

Қазыналы қарияның батасын алу, оларға қамқорлық жасау қанымызға сіңген қасиеттердің бірі. Соның ішінде жалғызбасты қамқөңіл үлкендердің көңілін аулау сауапты істердің қатарынан болмақ. Аға ұрпаққа құрмет көрсетуді естен шығармаған Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақхана тәрбиеленушілері кезекті шараны жүзеге асырды.
Қаламыздағы қарттар үйі мүгедек жандар мен асыраушысы жоқ ата-әжелеріміздің тұрақты баспанасына айналғалы көп уақыт өтті. Жүздері мұңлы, жандары жабырқаулы олардың бір күнін болса да қызыққа толтыру үшін келген шәкірттеріміз еңбек-шығармашылық-танымдық бағдарлама ұйымдастырып, кеудедегі кірбіңді сәлде болса сейілткендей болды. Еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ізгі жүрек» атты әлеуметтік жобаны қолға алған жатақхана тәрбиеленушілері «Қартқа бізден құрмет бар!» тақырыбымен тамаша тарту жасады. Жатақхана тәрбиешілері А.Мұхатова, К.Касимова, А.Дүрмекбаева, Е.Кәрібаевтардың жетекшілігімен өткен шарада оқушылар қарттар үйінің ауласын тазалап, ата-әжелерімен бірлесе отырып түрлі спорттық жарыстар, командалық ойындарға қатысты. Сиқырлы қылқаламға жан бітіріп, ән мен жырдан шашу шашты. Жатақхана қуыршақ театры студиясының көмегімен балалық шаққа саяхат жасады.
– Бұл шараға тыңғылықты дайындалдық. Еңбек-шығармашылық-танымдық бағдарлама болғандықтан, шәкірттерімізді барлық сала бойынша қамтып, белсене атсалысуға жұмылдырдық. Нәтижесінде ауладағы тазалық жұмыстарына ерекше құлшыныспен кіріскен олар спорттық, командалық ойындарда көзге түсті. Мәселен, Аружан Қаймолдина, Ілияс Жарылғасын жолдастық кездесуде аталарымен шаршы тақтадағы шахматта бақтарын сынады. Ал Айда Тайтөлеу мен Алмара Серікхан  қос қарияның портретін салып шықты. Өнерпаз шәкірттеріміздің арасынан Жансая Ғалымова Шәкәрім бабамыздың «Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек» әнін шырқаса, Мариам Досмағұлова қобызбен Хәкім Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» шығармасын орындады. Қуыршақ театры студиясы қойған «Алдар көсе» спектаклі  көрген жанды елең еткізбей қоймады. Ата-әжелерімен араласа отырып, бірнеше командаларға бірігіп, түрлі сайыстарға қатысу оқушыларға да ұнады. Өйткені, түрлі викториналық сұрақтарға қазыналы қарияларымыздың да қалыспай жауап беруі оларды таңдандырды, -дейді жатақхана тәрбиешісі Айжан Дауытбекқызы.
Өз кезектерінде қариялар да қарап қалмай, қонақтарға «Соғыс Даңқы» мұражайын аралатып, ҰОС жылдарындағы пайдаланылған керек-жарақ, киім-кешек үлгілерін тамашалатты. Әр жәдігердің тарихымен таныстырып, өскелең ұрпақ санасына жеңістің оңай келмегендігін, көрген қиындықтар жайында әңгімелеп берді.
Шара соңында жатақхана мен қарттар үйі арасындағы қарым-қатынасты тереңдету мақсатында ортақ меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында біздің оқушылар алдағы уақытта да бүгінгідей қамқорлық, қайырымдылық шараларын өткізуді жалғастыра бермек.
Ақ сақалды қария, ақ жаулықты ананың алғысын алған дарынды шәкірттер естелік суретке түсіп, аға буын өкілдеріне мықты денсаулық тілеп тарқасты.

Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.