Аквачелендж» – қызықты ойын түрі.

Су шашып ойнау – Шығыс Азия елдеріне тән қызықты ойындардың бірі. Оның қызығы сонда, қарсы келген адамды малмаңдай суға шомылдырып қою керек. Осы шараны жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде атап өтетін Тайланд, Мьянма халқы суға мейлінше көп шомылған адам жаңа жылда қайғы-қасіреттен арылып, таза күйінде қарсы алады деп сенеді.
Дәл осы ойын біздің жазғы мектебімізде де шетелдік мұғалімдердің ұйымдастыруымен өткізілді. Алайда балаларға арналған біздегі ойында ешқандай соқыр сенім болмаса діни көзқарастың қатысы жоқ. «Аквачелендж» аталып кеткен ойынға балалар қызығушылықпен қатысады. Ойынның өту барысының өзі қызық. 8 топқа бөлінген оқушылар әр нүктедегі алдын-ала дайындалған ойын ережелері бойынша сынға түседі. Соның барлығында суға қатысты тапсырмалар бар. Мәселен, бірінде сап түзеген оқушылар суды бір шелектен екінші шелекке стакан арқылы тасымалдап құюлары керек. Осы ойынның өзінде жылдамдыққа ерекше мән беріледі. Басты талап – стаканнан-стаканға құю сәтінде суды төгіп алмаулары қажет. Енді бір жерде кәдімгі шарға толтырылған суды бір-біріне лақтырады. Кім қолынан түсіріп алса, сол жарылған шардағы суға шомылады. Сондықтан әр бала шарды қағып алу сәтінде ептілікке сүйенеді. Осындай 8 түрлі тапсырмадан сүрінбей өту үшін барлық топ кезектесе ойын алаңдарын ауыстырып отырады.
Дегенмен, оқушылар үшін таптырмас тәжірибе болғаны – ойын арқылы ағылшын тілінде тілдесу. Бұл баланың тілдік қорын дамытып, ой өрісінің кеңеюіне де ықпал етеді. Жалпы бұл күні балалар күнделікті сабақ кестесіне сәйкес түрлі үйірмелерге қатысып, білімдерін молайтты.
– Осы жазғы мектепте жүргеніме 1 аптадан асты. Осы уақыт ішінде көптеген қызықты деректерге қанығып, түрлі ойындар арқылы дүниетанымымды молайттым. Түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Осының өзі бізге көп нәрсе үйретеді. Шетелдік мұғалімдер ұйымдастырған ойындар қатты ұнайды. Біз сол ойындарға қатысу арқылы тілімізді жаттықтырып, олармен еркін сөйлесуге тырысамыз. Жазғы мектепке келгеніме қуаныштымын. Келер жылы да келсем деймін, -дейді №32 мектептің оқушысы Аделя Бейсенғалиқызы.
Жазғы мектеп ұстаздары үшін оқушылардан дәл осындай жақсы пікір есту үлкен жеңіспен пара-пар. Өйткені, олардың басты мақсаты – оқушыға қажетті білім мен тәрбие беріп, солардың сұранысын қанағаттандыру.

Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор