Ойын – бала үшін нағыз өмір

Қазақтың біртуар жазушыларының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің бір сөзінде: «Балалықтың қанына ойын азық» деген екен. Расында да ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығушылығы анық байқалады. Ал, орыстың ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз,музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», -деп түрлі саланың басын ұштастыра отырып, баланың жан-жақты жетілуіне ықпал етуге болатындығын атап көрсеткен. Осы қағидаларды берік ұстанған біздегі жазғы мектеп ұстаздары оқушыларды дамытуды түрлі ойындар, іс-шаралар арқылы жүзеге асыруды басшылыққа алады.
Күнделікті таңғы жаттығу, би оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаумен қатар, дене бұлшық еттерінің жетілуіне көмектеседі. Бұны балалардың өзі де жақсы біледі. Жазғы мектебіміздің 4 күні балалар бірден тәтті сыйлықтарға ие болды. Олар оған алдыңғы күні көрсеткен белсенділіктері үшін таратылды. Бүгін әр топ мүшелері үшін еріктілерден жасақталған адамдар түрлі ойындар ойнатты. Еріктілер әзірлеген ойын барысында оқушылар түрлі кедергілерден өтіп, әрбір қиындықтарды жеңе білді.
Шетелдік оқытушылар бұл жолы балаларға топпен жұмыс істеуге бағыттайтын жаттығулар жасатып, шаңғымен жүргізді. Түрлі жан-жануарлардың атауларын ағылшын тілінде қайталады. Бұл бір жағынан топтар арасындағы бәсекеге ұқсас, өйткені мұғалімнің айтқанын бірден қағып алған топ алға суырылып шықты. Бұл сайыстың жеңімпазы болып  «Fantastic tigers»  тобы танылды.
Түрлі үйірме жұмыстарының да берері мол. Мәселен, тігін үйірмесіне келген оқушылардың кейбірі қолдарына ине де ұстап көрмеген екен. Үйірме жетекшілері осындай оқушылар үшін ақыл-кеңестерін айтып,  дайындық жұмыстарын жүргізді.
Робототехника курсында оқушылар  «Кегельринг», «Сумо» модулдерін құрастырды. Роботтарды құрастырып, оларға арнайы бағдарламалар жазуды үйренді. 3 команда арасында сайыс ұйымдастырылды. “Робототехника” элективті курсының мазмұны информатика, математика және ғылымдармен тығыз байланысты. Қазіргі кезде роботтарды құрастыру және бағдарламалау дағдылары адамзат қызметінің барлық саласында қажет.  Осыған орай оқушыларды осы курс бағдарламасы бойынша оқытып-үйрету өте маңызды болып табылады.
Сонымен қатар осы курс бағдарламасы физика, информатика, математика, логика пәндерімен тығыз байланысты. Ол  LEGO Mindstorms EV3 роботын қолданып, алгоритмдеу және бағдарламалау негіздерін және LEGO Mindstorms EV3 бағдарламалау ортасымен жұмыс істеуді үйренді.
Ал заманауи би мен ВИА тобы жазғы мектептің жабылу кешіне сазды нөмірлерін дайындау үстінде.
А.С.Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы ролін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің ролі туралы: «Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда мен, бәлкім, пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім», – деген сөзін ескере отырып, топ жетекшілері жазғы мектептің әр күнін  есте қаларлықтай етіп өткізуге тырысады.

Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор