2 -ші маусымның 3-ші күні жазғы мектепке келуші оқушылар үшін тосын сыйларға толы болды. Күнделікті таңғы сергіту жаттығу соңы әр баланың өз қызығушылығына қарай бөлінген сабақтармен жалғасты. Бұл күні олар робототехника, ағылшын тілі бойынша білім алып, тігін тігу, қыш шеберханасы мен сурет салудан машықтанды. Осылардың ішінде қыш шеберханасындағы сабақ оларды ерекше қызықтырды. Өйткені, қаламыздағы Зияткерлік мектептен өзге білім беруші мекемелерде ондай шеберхана жоқ деп айтуымызға болады. Оқушылар шеберханада қыштан жасалатын бұйымдар жайлы жан-жақты ақпарат алып, жасалған дүниелердің тигізер пайдасы, қолданылу аясы жайлы мағлұматтарға қанықты.Сондай-ақ көне замандардағы қыштан бұйым жасау өнерінің тарихы жайлы қызықты деректерге құлақ түрді.
Жазғы мектепке жауапты ұстаздардың көздеген басты мақсаттарының бірі- оқушылардың денсаулығын жақсартуға атсалысу. Осыған орай, спорттық шараларды да жиі өткізу жоспарға енгізілген. Бүгінгі күннің сабақ кестесіне сәйкес, балалар жасыл алаңда футбол ойнап, волейболдан сынға түсті. Үнемі қозғалысты жақсы көретіндер мектебіміздегі биі үйірмесі жетекшісінің жетекшілігінде заманауи би түрін үйренді. Техникалық модельдеу, гитара аспабында ойнауды үйрену оқушылар үшін қызықты курстардың қатарында.
– Жылдың мезгілі балалардың асыға күтетін уақыты. Біз бұл уақытта ұзақ мерзімді демалысқа шығып, әр күнімізді қызықты өткізуге тырысамыз. Дегенмен, демала жүріп білім алғанның пайдасы өте зор деп ойлаймын. Өзім қаламыздағы № 22 орта мектептің 5 –сыныбын аяқтадым. Осы мектепте ұйымдастырылған екі апталық шараға күні бұрын жазылып, білімімді толықтырғым келді. Келгеніме еш өкінбеймін. Керісінше, жаңа достар тауып, қызықты сабақ, курс, іс-шаралар қатысып жүрмін. Маған өте ұнайды. Шетелдік мұғалімдермен әңгімелесу арқылы тілдік қорымызды байытудамыз, – дейді Анель Бақаш.
Жазғы мектебіміздің осы күні бізге қаламыздағы «SemeI» телеарнасының шығармашылық ұжымы қонаққа келді. Олар жазғы мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, ұстаздар мен оқушылармен сұхбаттасты. Өздерін теледидар арқылы көрсететіндіктерін естігенде оқушылар қуаныштарын жасырмай, шетелдік мұғалімдер ұйымдастырған активитиге белсене қатысты. Тіптен кейбірі тілшілерге жарыса сұхбат берді. Алдағы уақытта жазғы мектеп жайлы түсірілген бейнематериал арнаның «Қала және қалалықтар» бағдарламасынан көрсетіледі.
Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор