Жазғы мектеп маусымы қайта оралды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары өздеріндегі білім нәрін тек өз шәкірттеріне ғана емес білімге талпынған оқушының кез-келгеніне бере алады. Сондай оқушылардың үлкен бір тобы білім ошағымызда жыл сайын ұйымдастырылатын жазғы мектептің 2 –ші маусымында бас қосады. Қалыптасқан осы дәстүрге сай, биыл да өз келушілеріне есігін айқара ашқан жазғы мектеп қаламыздағы орта білім беретін мекемелердің  81 шәкіртін қабылдады.
Кезекті маусымның ашылуына орай жазғы мектептің шығармашылық тобы шағын сахналық қойылым қойып, жаңа толқын оқушыларды бір серігітіп алуды жөн көрді. Бұл жолы сахналық қойылым балалардың сүйіп көретін «Маша мен Аю» мултьсериалы желісінде құрастырылып, жазғы мектептің балаларды қабылдауға дайын екендіктерін, олармен бірге өтетін алдағы апталардың қызыққа толы болатындығына сендірді. Жазғы мектепте тәлім алғысы келетіндердің дені 3-8 сынып аралығындағы оқушылар. Олар үшін    робототехника және мобильді қосымшыларды құрастыру бойынша курстар өткізіліп қана қоймай, өздері таңдаған шығармашылық үйірмелерге де қатысады. Шетел оқытушыларының ұйымдастыруымен әр түрлі қызықты ойындар ойнатылады.
Бүгін алғашқы күн болғандықтан әр топты жетекшілері күтіп алып, балалармен жақынырақ танысты. Соңынан мултьсериал кейіпкерлері маша мен Аюдың, Пеппа торайының қызыққа толы қойылымдарын тамашалап, олармен ілесе ойын ойнады, би биледі. Осылайша, оқушылар жаңа ортаға бірден сіңісіп кетті. Тіптен қызықты ойындарының бірінде ақ қағаз бетіне өздерінің сүйікті кейіпкерлерінің суретін салып, шеберліктерін де көрсетті. Салынған суреттер арасында Рапунцель, Чебурашка, Бэтмен, Бауырсақ және т.б. кейіпкерлерді көруге болады.
Шетелдік ұстаздар өткізген сабақтарға да белсене қатысқан оқушылар өзара келісіп қойған топ аттары жайлы қызықты деректер мен мәліметтерді ортаға салды.  Жазғы мектептің алғашқы күні болғандығына қарамастан, оқушылар ерекше әсерге бөленіп, уақытты текке өткізбегендіктерін тілге тиек етті. Алдағы күндердің бұдан қызықты боларына сенім білдірген оқушылар арасынан алғашқы күннің жеңімпаздары да шықты. Жүлделі 1 –ші орын «Wild»  тобына, 2 –ші орын «Clever yaguars» , 3-ші орын «Chivalrous hippos» топтарының еншісіне тиді.  Топтар арасындағы өзара бәсекелестік алдағы уақытта қыза түспек.

 

Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор