«Қолдайық ауыл мектебін!» акциясы жоғары деңгейде өтті

28 мамыр күні республика көлемінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұйымдастыруымен «Қолдайық ауыл мектебін» атты акциясы өтті. Шалғайдағы ауыл мектептеріне материалдық –моральдық көмек беруді көздеген айтулы шара Зияткерлік білім ошағының 10 жылдығына орай қолға алынды.
Осыған сәйкес, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Приречное ауылындағы Приречное жалпы орта білім беретін мектебіне атбасын бұрды. Мектеп директоры  Вера Тихомолованың айтуынша, бүгінде ауылдағы білім мекемесінде 200 –ден астам бала дәріс алады. Сонымен қатар мектеп жанынан бүлдіршіндер үшін ашылған шағын орталық жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Зияткерлік мектеп ұжымын мектеп директоры Бағдан Қайыржанов өзі бастап барып, ауылдағы ұстаз әріптестері мен оқушыларға республика көлемінде өткзіліп жатқан акцияның мән-маңызы жайлы айта келіп, Зияткерлік мектептердің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен соңғы жаңалықтарымен бөлісті.
– Біздің сіздерге келуіміздің басты мақсаты – өзіміздегі барды сіздермен бөлісу. Осы арқылы сапалы білім мен жоғары нәтижелерге, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу. Биыл еліміздегі Зияткерлік мектептердің құрылғанына 10 жыл толады. Осы өтпелі кезең ішінде жеткен жетістіктеріміз аз емес. Қазақстанның болашағы білімді жастар сіздерде екенін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жиі айтады. Ендеше, сіздердің алаңсыз білім алуларыңыз үшін жағдайлар жасалуы керек. Бүгін сіздерге 100 көшет бөлме гүлдерін, стенд, 300-ге жуық түрлі көркем әдеби кітаптар, спортпен шұғылдануларың үшін 15 доп, өздеріңдей оқушылар қолынан шыққан 3D принтер  алып келіп отырмыз. Осының барлығы  Ұлт Көшбасшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына үлес қосуымыздың бір көрінісі деп түсінеміз, -деген Бағдан Тоқтамысұлы өздері алып келген сыйлықтарды табыс етті.
Жалпы акция  шеңберінде Назарбаев Зияткерлік мектептері 20  ауыл мектебіне Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері жинаған 6 875 дана көркем және ғылыми-танымдық әдебиет, оқушылар өсірген 2 000 көшет бөлме гүлдерін, ДББҰ орталықтыры (ОБО, ПШО, ПӨО) жасаған  860 дана мұғалімдерге арналған  әдістемелік нұскаулар, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары жасаған 20 3D принтер, 20 стенд, 300 спорттық доп сыйға тартылды.
Ауыл мектебіне жасалған сапарда Зияткерлік мектеп ұстаздары әріптестеріне арнап түрлі тақырыптарда шеберлік сыныптарын өткізсе, «Көшбасшылар кеңесі» мүшелері құрдастарымен бірлесе отырып активитилер ұйымдастырды. Дәл осы күні  республика көлеміндегі ауыл мектептерінің ұстаздарына жаңартылған білім мазмұны мен критериалды бағалаудан, оқытудың әдістерімен технологияларынан  Әдістемелік консультациялар ұйымдастырылады. Консультациялар шеңберінде барлық оқу пәндерінен 500 астам шеберлік сыныптары өткізілді.
Шара барысында Приречное жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Вера Тихомолова екі мектеп арасындағы тығыз қарым-қатынас өткен оқу жылы басында орнатылғанын тілге тиек ете келіп, акцияны ұйымдастарған Зияткерлік мектептер басшылығына, ұстаздарға, оқушыларға жүрекжарды алғысын білдірді. Алдағы уақытта да екіжақты байланыс дами беретіндігіне сенім білдірді.
Сөз соңында, «Казцинк» ЖШС 300 спорттық доп сатып алуға демеушілік жасағандығын, Ұлттық құндылықтарды дамыту «Абырой» жеке қоры және белгілі журналист Бибігүл Жексенбай, Қазақстан Республикасы Тұнғыш Президентінің кітапханасы, «Деловой мир Астана» баспасы ауыл мектептеріне 1 204 дана көркем әдебиет  сыйға тартып қолдау білдіргендігін айта кеткеніміз жөн.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі