Алғашқы қалалық ТЕДх конференциясы

ТЕДх конференциясының мақсаты – таңдаулы идеяларды  тарату екені белгілі. Мен  ТЕДх конференциясына 7 сыныптан бері қатысып келемін. Басында конференция қалай өтеді екен деген қызығушылықпен қатысқан  болатынмын, кейіннен ТЕДх конференциясы- ел алдында шығып сөйлеу дағдымды дамытуға және  шешендік қабілетімді үлкен сахнада көрсетуге  мүмкіндік беретінін түсіндім. Көрермендер алдына шығып белгілі бір тақырыпқа байланысты өз ойыммен бөлісу маған  қуаныш сыйлайды. Жақында «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» бағдарламасын іске асыру аясында, қалалық серіктес мектеп  оқушыларымен бірге  «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ   – БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗДА»   атты  қалалық  ТЕДх  конференциясы өтті.  Конференцияға   Семей қаласындағы  орта білім беретін  №39  мектептен  – Ақнұр Қабитова,   Балжан Жұматаева, № 25   мектептен    Диана Байжұманова, Ирина Сидорина, біздің мектебімізден Талант Темірханов, Асанали Сұлтанбеков, Айдар Тоқтарғазин және мен қатыстық.
Мен алғаш рет қатысып тұрғандай қатты толқып, өз ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Басқа қатысушылардың ішінде де қатты қобалжыған спикерлер болды.  Ел алдына шығып сөйлеу кезіндегі  қорқыныш пен  қобалжуды  жеңе білу  керектігін бәріміз де түсініп, бір-бірімізбен  тәжірибе алмастық. Шетелдік педагог Мистер Эдмунд конференцияның қорытынды бөлімінде таратуға тұрарлық идеялармен бөлісу керектігі туралы өз пікірін білдірді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова конференцияға қатысушыларға алғыс білдіріп, ізденімпаздық танытып белсенді қатысушыларға сертификат пен  сыйлықтар табыс етті.
Әрине, ТЕДх конференциясына қатысушылардың үйренері көп екені сөзсіз.  Барлық ТЕДх клубына қатысушыларға   қателік жіберуден қорықпай, кез-келген тақырыпта ой бөлісуге  тұрарлық бірегей идеяларды ортаға салып, халық алдында еркін сөйлеп,  өз пікірлеріңді қысқаша әсерлі жеткізуге  тырысыңдар дегім келеді.

                                                                                             Бинура Асқарқызы,
                                                                                             «Алаш» шаңырағы