ТЕЛЕВИЗИЯНЫҢ 60 ЖЫЛДЫҒЫ – ОРТАҚ ТАРИХЫМЫЗ

Биыл еліміздегі қара шаңырақ қазақ телевизиясына 60 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында халыққа қажетті ақпараттық, рухани –мәдени, әлеуметтік –экономикалық бағдарламаларды әзірлеп, теледидар арқылы тәрбиелеп отырған үлкен күшке айналды. Адал көрермендерінің оң бағасына ие болған қазақ телевизиясының бөлімшелері еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті тұрғындардың ақпарат айдынынан хабардар болып отыруына мұрындық болуда. Солардың бірі әрі бірегейі саналатын Семей телестудиясы 1965 жылы ашылған екен. Ол кезде дәл осындай студиялар Алматы, Қарағанды және Өскемен қалаларында ғана болса керек.
Мерейлі мереке аясында Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығы мен оқушылары «Қазақстан» РТРК» АҚ  «Семей» филиалына арнайы барып, жүрекжарды құттықтауларын арнады.
Құттықтаушы қонақтарды телеарна директоры Арсен Бектасов қабылдап, арнаның бүгінгі тыныс –тіршілігі жайлы айтып берді.
– Соңғы 1 жылдың көлемінде арнамыздың төлтаңбасы латын тіліне аударылуынан бастап, халыққа ұсынар қызметіміздің барысы да көп өзгерді. Жаңа бағдарламалар ашылып, қала, өңір жайлы кеңінен ақпарат беретін танымдық дүниелер көбейді. Көрермендердің жасерекшелерін естен шығарғамыз жоқ. Мәселен, жастарға арналған «Шығыс жұлдызы» атты жаңа бағдарлама экранға шықты. Біз осы арқылы Семейде мыңдаған талантты жастардың бар екендігін ескере отырып, өнерде, спортта, білім мен ғылымда алда жүрген кейінгі буын өкілдерін көпшілікке таныстыруды мақсат етеміз. Бұдан бөлек, «Сәлем, Семей», «Заң әліппесі», «Ойтүйін», «Сана мен сапа» бағдарламалары халықтан өз бағаларын алып отыр. Тағы бір атап өтеріміз –  біз соңғы бірнеше жылдар бойы өзгеріссіз келген студияларымызды жаңартып алдық. Осының барлығы азғана уақыттың ішінде қол жеткізген жеңістеріміз. Алда телеарнамызды «Отау ТВ» спутник желісіне қосу арқылы Қазақстан аймағына таратуды міндеті тұр. Біздің негізгі жұмысымыз – көрермендерге сапалы өнім ұсынып, олардың талаптарын ескеру. Осы тұрғыдан алғанда сіздер білім алатын Зияткерлік мектеп оқушыларынан тың идея, ұсыныстар күтеміз. Өз тарапымыздан ақпараттық қолдау білдіруге әрқашан дайынбыз, – деді Арсен Алдажарұлы.
Мерейтой иелерін мектеп директоры Бағдан Қайыржанов пен ұжым атынан құттықтаған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова телеарна басшысының ұсынысын құп алатындығын айтып, Алғыс хат табыс етсе, «Көшбасшылар кеңесінің» мүшелері өз замандастарының қолынан шыққан әдемі естеліктерін сыйға тартты.
Салиқалы әңгіме барысында Лариса Оралбайқызы мектеп оқушылары арасында ерекше қызығушылық танытқан «ТЕДх» клубының жұмысы жайлы әңгімелеп берді. Тараптар дәл осы клуб жұмысымен мектеп оқушыларына арналған зияткерлік жаңа бағдарламаны ойлап тауып, оны «SemeI» телеарнасы арқылы  қалалық деңгейде кеңірек насихаттауға уағдаласты.
Кездесу соңында телеарна директорының орынбасары Ержан Жақып оқушылар телеарна ішін аралатып, естелік суреттерге түсті.

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы