Оқушыларымыз Жәутіков Олимпиадасының жүлдегерлері

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Теңіз Ибраев пен Теміржан Юсупов кезекті жеңістеріне қол жеткізді. 14 –ші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі Жәутіков олимпиадасында бақ сынаған қос өреніміз қола медальді қанжығаларына байлады.
Алматыда қаласында өткен халықаралық білім бәйгесінде әлемнің 15 мемлекетінен келген 500 –ден астам оқушы математика, физика және информатика пәндері бойынша өз  деңгейлерін тексеріп көрді. Әлем елдердің арасындағы қарым-қатынасты дамыту, ғылыми білімдерді насихаттау және физика-математика мектептері арасында байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған  олимпиадаға республикамыздағы Зияткерлік мектептер атынан 14 оқушы бақ сынады.
– Биылғы олимпиада 2 күнге созылды. Мен информатика пәні бойынша сынға түстім. Олимпиада оңай болды деп айтуға келмейді. Берілген есептерді шешуге жиыны 10 сағат уақыт берілді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаландым деп ойлаймын. Нәтижесінде жүлделі 3 –ші орынға ие болып, Семейге абыроймен қайттым. Олимпиададағы қола медалім Назарбаев университетіне тегін білім алуыма жол ашты. Дегенмен мектепті бітірген соң, оқуымды сол университетте жалғастырам ба жоқ па әлі ойланып көрем. Бірақ еліміздегі маңдайалды оқу орнының студенті атану мен үшін үлкен мәртебе, – дейді оқушымыз Теміржан Юсупов.
Халықаралық олимпиаданың жалпы қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары екі алтын, екі күміс, алты қола медальді жеңіп алды. Жүлдегерлер арасында біздің мектеп оқушысы Теміржаннан бөлек Теңіз Ибраев та бар. Теңіз физика пәні бойынша өткен сында қола медаль иегері атанды.
Болашағынан мол үміт күттіретін қос қыранымыздың жеңісі олардың құрдастары мен іні-қарындастарына үлгі болары сөзсіз.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.