Оқушымыз экофестивальде жеңімпаз атанды

11 сынып оқушысы Пәкжан Ниязбек мектеп, колледж, жоғары оқу орындары эко-клубтарының арасында өткен «Зеленая школа» экофестивалінде І орынды жеңіп алды. ECO Network компаниясы мен Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль еліміздің барлық аумағын қамтып, ақтық сынға ең үздік деген 10 жоба іріктеліп алынған екен.


– Фестивальдің өтетіні туралы Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының федерациясы арқылы білдік. Біздің мектеп аталған федерацияның толыққанды мүшесі. Соның арқасында шәкірттеріміз ЮНЕСКО аясында өтетін халықаралық деңгейлердегі түрлі тақырыптардағы іс- шаралардан хабардар болып, өздері де белсене қатысып отырады. Ал мына шараға қатысқан Пәкжан І орын ғана алып қоймай, 300 мың теңгенің сертификатына ие болды,-дейді федерацияның мектебіміздегі хатшысы, ұйымдастырушы-педагог-куратор Әйгерім Жұманиязқызы.


Шәкіртіміздің жеңімпаз болып танылған жобасы «Water from air» құрылғысы деп аталады. Оның өзектілігі – ауадан тұщы су өндіруінде.


– «Water from air» құрылғысы – ауадан суды конденсация әдісі арқылы алады. Жаңбырдан, тұманнан немесе шықтан пайда болған атмосфералық су буы тордың суық бетінде конденсацияланып, құрылғының төменгі жағында орналасқан резервуарға жиналады. Өнімділік ауа- райына тікелей байланысты. Бірақ менің есептеуім бойынша күніне 100 литрге дейін су алуға мүмкіндік бар, -дейді Пәкжан Ниязбек.


Пәкжанның бұл жобаны қолға алуына еліміздің халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңіріндегі 5 ауылында жүргізген зерттеуі себеп болған. Аталған ауылдарда су тапшылығы сезіліп, тұрғындар суды тасып ішетіндігі анықталған. Жас зерттеушіміздің мақсаты ауыл тұрғындарына өз жобасы арқылы көмектесу.