Қос Даянаның жұмысы «Үздік ІТ жоба» атанды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “CASPIAN STARTUP-2022” халықаралық бизнес-жоба сайысы ұйымдастырылды. Дәл осы сайысқа қатысқан Семей қаласындағы ФМБ НЗМ 11 сынып оқушылары Даяна Аманова мен Даяна Макулбаеваның жұмысы үздіктер қатарынан табылды.
Өмірді жақсартатын IT стартаптар тақырыбындағы сайыс «Туризм», «Болашақ мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу» бағыттары бойынша өтті.


– Қыздарымыздың бизнес-жобасы «QazTour» деп аталады. Ол Қазақстандағы барлық туристік нысандарды біріктіретін сайт. Сайт арқылы турист өзіне ыңғайлы туристік нысанды бағыты не аймақ бойынша таңдай алады. Таңдаған туристік нысанға жету үшін туристің орналасқан жерінен туристік нысанға дейін маршрут сызылады. Ол маршрутта қандай көлік түрімен жетуге болатыны (пойыз, автобус, не самолет) туралы ақпарат беріледі және сол жерде билеттерді рәсімдеуге болады. Билетті рәсімдеп болған соң турист өзіне қолайлы қонақ үйді немесе демалыс үйін таңдайды. Жобамыздың мақсаты турист-қызмет көрсету салалары-туристік нысанды ұштастырады. Сонымен қатар, елдегі туризм саласын дамытып қана қоймай, қаржылай пайда табуды көздейді, -дейді жоба жетекшісі әрі география пәнінің мұғалімі Есжан Асылбек.


Сайысқа Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттерінен оқушылар қатысып, іріктелген 59 бизнес-жобадан 16-сы ғана ақтық сынға өткен. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған “QazTour” – «Үздік ІТ жоба» атанды.


Ал жоба авторларына “Yessenov University” мен Атырау мұнай-газ университеті атынан білім гранттары табысталды.