Ұлы Жеңіс батырларына мың алғыс!

9 – мамыр Ұлы Жеңіс қарсаңында ардагерлерді құттықтау біз үшін дәстүрге айналды. Шәкірттеріміз биыл да мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, запастағы майор Қуаныш Мұхамадиев, ұйымдастырушы-педагог-куратор Гүлдерайым Сағындыққызымен бірлесе батырлар үйіне барды.


Солардың алғашқысы – Абдығали Қаймолдин. Соғыстың алғашқы жылында әскерге алынып, Сталинград түбіндегі қиян-кескі ұрыстан бөлек 5 фронтта жауға қарсы соғысқан атамыз жеңісті Кенигсберг қаласында қарсы алған. Соғыстан кейінгі 35 жылын қарулы күштер қатарында өткізген қарт запастағы полковник. Бүгінде тамырын тереңге жайған үлкен шаңырақтың сыйлы ақсақалы болып отыр.


– Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы кітаптардан оқып, кинолардан көргеніміз болмаса оның ауыртпашылығын біз жақсы сезіне бермейміз. Дәл осындай кездесулер арқылы соғыс куәгерлерінің естеліктерін ести отырып, жеңістің оңай келмегенін білуімізге болады. Біз аға ұрпақтың осы ерлігі үшін мәңгі қарыздармыз, -дейді 11 сынып оқушысы Адлен Ролланұлы.


Шәкірттеріміз дәл осы күні 17 жасында әскер қатарына алынған 3-ші Белорус майданының жауынгері, ардагер Николай Бутконың шаңырағында да болды. Соғыстан кейін елге 1948 жылы оралған қария ұзақ жылдар ел игілігі жолында еңбек еткен.


Құттықтау сапары барысында шәкірттеріміз қарт сарбаздардың естеліктерін тыңдап, аталық ақылдарына ден қойды. Өскелең ұрпаққа ризашылықтарын білдірген батырлар ақ тілектерін жаудырып, бата берді.