Семейлік Далила Гафар Шыр­мауық ли­гасынан («Лига плюща») шақырту алды

Мектебіміздің 12 сынып оқушысы Далила Гафар Шырмауық лигасына («Лига плюща») мүше АҚШ-тың Пенсильвания университетіне шақырту алды. Тарихы 1740 жылдан басталатын көне оқу орнынан қуанышты хабар естіген шәкіртіміз бен оның ұстаздары үлкен қуаныш үстінде жүр.
Далила мектебіміздегі озат шәкірттердің бірі. Алтын белгіге үміткерлердің қатарында. Болашағын заң және бизнес саласымен байланыстыруды жоспарлап отырған ол әлемдік рейтингі жоғары оқу орнында білім алуды армандаған.


– Өзге қатарластарым сияқты менде өзімнің келешегіме қажетті мамандық бойынша дәріс беретін көптеген оқу орындарына құжат тапсырдым. Басым көпшілігі – АҚШ пен Канада мемлекеттерінде орналасқан университеттер. Солардың алғашқысы болып Филадельфия қаласындағы Пенсильвания университетінен шақырту келді. Өте қуаныштымын. Осы оқу орнында құқық пен бизнес салаларын қамтитын құқық негіздері мен бизнес этикасы (legal studies and business ethics) деген ерекше мамандық бар. Бұл маған қажетті мамандық. Бакалавриат бітірісімен, заңгерлік ғылымдар докторы мамандығында оқуымды жалғастырғым келеді. Сонымен қатар, АҚШ¬-та заңгер болып тәжірибе жинақтауды мақсат етіп отырмын, -дейді шәкіртіміз.


Шырмауық лигасына («Лига плюща») енетін университеттер білім сапасының жоғарылығымен ерекшеленеді. Олар: Браун, Гарвард, Дартмут колледжі, Йель, Колумбия, Корнелл, Пенсильвания және Принстон университеттері.