«Екі жұлдыз» ән байқауы өтті

Мектебімізде «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті. Желілік “100 ән” жобасының аясында қазақ әндерін насихаттап, оқушы, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуды көздеген өнер додасына алты жұп қатысты. Өнерпаздардың арасында мектеп оқушысы, ұстаздар, қызметкерлер, ата-аналар да бар.


– Бұл сұранысқа ие байқаулардың бірі. Соған орай дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Негізінен 10-нан аса жұп қатысуға ниет білдірген. Алайда, денсаулықтарына, отбасылық жағдайларына байланысты кейбір үміткерлеріміз қатыса алмады. Байқау әділ өту үшін қазылар алқасын сырттан шақырдық. Құрамына республикалық, халықаралық фестивальдардың лауреттары мен дипломанттары енген қазылар өнерлі жұптарды жан-жақты бағалап, өз ойларын айтты, – дейді шараны ұйымдастырушы әріптесіміз Айсұлу Баратова.


«Анаға сәлем» әнімен ашылған байқауда «Армандастар», «Алтыным», «Мекенім Қазақстан», «Саржайлау» сынды танымал әндер шырқалды. Жанды дауыста, жетіген, баян сынды аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған әндер көрерменнің көңілінен шықты. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсел Дүйсенбаева мен 7 «А» сыныбының оқушысы Малика Тілеш жұбына бұйырды. 1 орынды 9 «К» сыныбының оқушысы Диана Қанатбек пен атасы Марат Бұланбаев жеңіп алды. 2 орынға 12 «К» сыныбының оқушысы Аянұр Қанатқызы мен Гүлбарам Мұстафина жұбы ие болса, 3 орын 8 «К» сыныбының оқушысы Айым Тәңірберген мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қарлығаш Есімбекованың еншісіне тиді. Қалған қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау сәтінде мектеп директоры Бағдан Қайыржанов сөз алып, байқауға қатысқан әр баланың талабына қолдау білдірген ата-аналар, ұстаздарға алғыс айтты.