Көшпелі көрмені тамашаладық

Мектебімізге көшпелі көрме келді. Қаламыздағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған көшпелі көрмеде 3 күн бойы шәкірттеріміз түрлі тақырыптарда дәрістер тыңдап, құнды жәдігерлермен танысты.


Мұражай ұсынысына қолдау білдірген мектеп әкімшілігі санитарлық талапты сақтай отырып, көрмені тамашалау үшін арнайы кесте құрды. Осы кестеге сәйкес әр сынып өздеріне тиесілі уақытта қала тарихы, өлкенің табиғаты, Алаш қозғалысының тарихы туралы құнды мағлұматтармен қанықты.

– Біз әр білім ошағына жасаған сапарымызда оқушылардың қызығушылықпен назар аударып, өткен тарихи оқиғалар желісіне ерекше мән беретіндіктерін байқаймыз. Түрлі сауалдар қояды. Соның ішінде ұлдар ат әбзелдері, қыздарымыз ерте замандардағы зергерлік бұйымдарға тамсана қарайды. Оларды қолымен ұстап көреді. Біздің осы шарамыздың өзі жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор, білім беру ісінде де рөлі зор деп есептейміз, – дейді мұражайдың экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Алтынай Абылқасымова.


Шәкірттеріміз көрмеден қаламыздағы ежелгі ғимараттардың тарихы, тарихи нысандар, аймақтың флорасы мен фаунасының әртүрлілігі, жойылып бара жатқан жануарлардың түрлері және өзге де мағлұматтар жайлы ақпараттарды естіп білді.