Wi-Fi роутерінің ағзаға әсері қандай?

Бүгінгі дәуірді ғаламторсыз елестету өте қиын. Тіптен үйімізге Wi-Fi роутерін орналастыру арқылы виртуалды әлемге еш кедергісіз еніп кете алатын жағдайға жеттік. Алайда, интернетті айтпағанның өзінде Wi-Fi роутерінің ағзаға айтарлықтай әсері бар екенін біле бермейміз.


Мектебіміздің 7 сынып оқушылары Зере Байгожина мен Камила Дидарқызы осы мәселеге ғылыми негізде жауап іздеп көрді. Ол үшін олар тәжірибе жұмысын өсімдіктерге соның ішінде үрмебұршаққа (фасоль) жасап, оның өсуі мен дамуына Wi-Fi роутер сәулеленуінің әсерін бақылады және алдын алу жолдарын ұсынды.


Химия, география пәндерінің ұстаздары Меруерт Құдабекова, Шарипа Таласпаевалардың жетекшілігімен өткен жылдың қыркүйек айында қолға алынған ғылыми жобаның нәтижесіне жету үшін аз тер төгілмеген.


– Шәкірттеріміздің зерттеу жұмысы үшін сәулеленуге сезімтал өсімдік ретінде үрмебұршақ таңдалып алынды. Үрмебұршақ тұқымдарын топыраққа егіп, Wi-Fi роутерінен әртүрлі арақашықтықта орналастырды. Олардың вегетациялық мүшелеріне бақылау жүргізді. Жұмыс алдындағы болжам толығымен расталды. Нәтижесінде Wi-Fi роутер сәулеленуі өсімдікке кері әсерін тигізгендігі анықталды. Егер қарапайым тілмен айтар болсақ, өсімдікті неғұрлым Wi-Fi роутеріне жақын орналастырған сайын оның өсуі мен дамуы едәуір тежеледі. Демек, ағзаға кері әсері бар. Өзгеріске көздері жеткен оқушылардың қызығушылықтары артып, алдын-алу жолдарын табуға тырысты. Л.Гущина, С.Анибаев есімді ғылыми кеңесшілердің ақылына сүйене отырып, Wi-Fi роутерді бетонмен, қорғасын қалқанымен қаптап, тәжірибені қайталады. Бұл жерде де өзгерістер байқалып, өсімдіктің тұтастай өсуі мен дамуында оң өзгерістер анықталды, – дейді ғылыми жетекшілердің бірі Меруерт Құдабекова.


Жуырда жас зерттеушілер осы жобаларын Щучье қаласында өткен XVII республикалық «Зерде» конкурсына ұсынып, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ғылыми жетекшілер сөзіне қарағанда оқушыларымыз алдағы уақытта Wi-Fi роутерінің адам ағзасына қаншалықты әсері барлығын зерттемек.