Қазақ ертегілерін зерттеген Аяулым үздік атанды

Мектеміздің тағы бір оқушысының жобасы ел көлемінде үздік деп танылды. «Вilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық «Үздік ғылыми жоба авторы» байқауына қатысқан 9 сынып оқушысы Аяулым Мерекеева І дәрежелі дипломмен марапатталды.


Аяулымның байқауда қорғаған жобасы – «Қазақ ертегілеріндегі мифтік таным» тақырыбында. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Манабаеваның жетекшілігіндегі зерттеу жұмысы өткен жылдың мамыр айында басталған.


– Жоба үшін осы тақырыпты таңдауымның себебі – ертегілер бала қиялын дамытып қана қоймай, оның тәрбиесіне әсер ететіндігіне қарамастан оған деген қызығушылықтың жоғалып бара жатқаны бәрімізге аян. Бала ертегіні оқи отырып, жақсылық пен жамандықтың айырмасын түсініп, өмірге көзқарастарын қалыптастыра алады. Өз зерттеуімде қазақ ертегілерінің ғылымға қатысын, яғни «Керқұла атты Кендебай», «Ер Төстік» ертегілеріндегі оқиғаларды астрономиялық құбылыстармен байланысын зерделедім. Мысалы, «Керқұла атты Кендебай» ертегісіндегі құлындардың алтын науадан қалмай, эллипс бойымен оған ілесіп отыруы Күн мен оны айналып жүрген ғаламшардың әрекетін қайталайды. Бұл – ғаламшар құбылыстарын түсінуге талпынған мифтік таным. Осы арқылы ғылымды тануға қадам жасалды, -дейді шәкіртіміз.


Осы еңбектері үшін Аяулымға куәлік, төсбелгі табысталып, еңбегі материалдар жинағына енгізілді.