Аналарымыз қолөнерге баулыды

Мектебіміздің 11 сынып шәкірттері үшін «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында «Қолданбалы декоративті өнер сағаты» өткізілді. Өнер сағатына ісмер аналарымыз арнайы шақырылып, құрақ құраудың жолдарын үйретті. Рауия Әнуарқызы, Зәуреш Табылдықызы, Мария Садыққызы, Мастура Нұғыманқызы есімді аналарымыз қазақ халқының көнеден келе жатқан қолөнері жайлы кең көлемді мағлұмат беріп, құрақ құраудың қыз балаға ұқыптылық, сабырлық сияқты қасиеттерді сіңіретіндігін атап өтті. Сонымен бірге жаһандану заманында әртүрлі мәдениеттің тоғысуын сөзге тиек ете отырып, заманауи құрақ құрау, кестелеу техникасымен де таныстырды.

Оқушылар әжелерміздің шеберлік сағатына үлкен қызығушылық танытты. Кейбір оқушыларымыз осы іс-шарадан кейін қөлөнерге деген сүйіспеншіліктері одан да арта түскенін және оны болашақта өздері де пайдаланатындарын айтты. Әжелерге деген ризашылықтарын қолдан жасалған сыйлықтары арқылы білдірді.
Зияткер оқушыларымыз келген қонақтарға өздеріңіз құрметтерін шағын концерт арқылы жеткізді. Құрманғазының «Балбырауын», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйлерін нақышына келтіре орындап, Даяна Мақұлбаеваның жеке орындауындағы әсем ән мен Дария Қайырханованың фортепианодағы «Ноктюрн» этюді мерекелік шараның сәнін келтірді.

Гүлмира Орунханова,
Динара Нұрғазина,
11 сынып кураторлары