Аружан INFOMATRIX-ASIA сайысының күміс медалін жеңіп алды

Мектебіміздің 11 сынып оқушысы Аружан Рысаева халықаралық сайыста ІІ орынға ие болды. Кең ауқымдағы INFOMATRIX-ASIA сайысы Сүлеймен Демирел университетінің (SDU) ұйымдастыруымен өтті.


Сайыстың «Computer Art» секциясы бойынша бағын сынаған бойжеткен “In the trap of WWW” тақырыбына 3D анимациялық бейнеролик әзірлеген. Сайыс жобаны таныстыру, әділқазылардың сұрақтарына жауап беру және 3D графикасын құруға арналған жеке тапсырма мен жобаны қорғау сынды екі кезең бойынша өтті.


– Жобамның негізгі мақсаты – төменгі сынып оқушыларына киберқауіпсіздіктің маңыздылығын түсіндіру. Өйткені, күнделікті өмірде қолданатын сервистар арқылы вирус пен троян тарататын хакерлардың әрекеттеріне немқұрайлы қарау жиі орын алады.Міне осы жайттарға жіті назар аудармауымыздың соңы кез-келгенімізге түрліше қауіп төндіруі мүмкін. «Adobe premire rush» және «lumion 8.0» бағдарламалары арқылы жасаған 3D анимация осы әрекеттердің болуы мен оның алдын алып, немқұрайлы қарамауға шақырады, -дейді шәкіртіміз.


INFOMATRIX – бұл ақпараттық технологиялар саласындағы үздік жастарды біріктіру ниетінен туындаған халықаралық компьютерлік жобалар сайысы.

– Бізде талантты оқушылар жетерлік. Олар түрлі сайыс, олимпиадаларда топ жарып жатады. Осы жолы Аружанның айы оңынан туды. Өз білімінің арқасында сайыстың күміс медалімен қатар Сүлеймен Демирел университетінде білім алуға 50 пайыздық жеңілдік ұтып алды. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық сайыста үздіктер қатарынан көріну үлкен жетістік деп білемін, -дейді шәкіртіміздің ғылыми жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Динара Есмағамбетова.
Болашақта Аружаннан бұдан биік жетістіктер күтеміз.

Баспасөз қызметі