Кәсіпкермен өткен кездесу

Мектеп шәкірттері қалыптасқан дәстүр бойынша «Даналық бейсенбісі» жобасында бас қосты.Бұл жолғы қонағымыз –әлеуметтік кәсіпкер, «Еркетай» массаж клубы мен әлеуметтік ательенің негізін қалаушы, «NietWoman» ҚБ төрайымы, Семей қаласы іскер әйелдер клубының мүшесі Еркежан Тұрсынбаева. Бұл кездесуде оқушыларымыз «Кәсіпті қалай бастауға болады?», «Жолда кездескен қиындықтарды қалай еңсереміз?», «Әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз не?», «Жалпы кәсіпкер болғысы келетін адам қандай болуы керек?» – деген сауалдарға жауап тапты.
Қойылған сұрақтарға нақты мысалдар келтіре отырып, тұщымды жауап қайтарған қонағымыз алдымен жай кәсіпкерлік пен әлеуметтік кәсіпкерліктің ара-жігін ажыратып берді. Еркежан Бекболатқызының айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады екен. Мәселен, көмек қажет ететін адамдарға қолұшын беру, қоршаған ортаны қорғау, мүгедектер мен ата-анасынан айырылғандарды, зейнеткерлерді жұмыспен қамту сынды жауапкершілігі ауыр міндеттер жатады.
Бірақ біз әлеуметтік кәсіпкерлікті қайырымдылық деп түсінбеуіміз керек. Өйткені, бизнестің бұл түрі – қызмет көрсете отырып, өнімдер сату арқылы қаржылық тұрақтылыққа бағытталған.
Еркежан Бекболатқызы – дөңгеленген кәсіптің иесі болған. Алайда іскер әйелдер форумына қатысу барысында көпбалалы аналардың мәселесімен жақынырақ танысып, өз бағытын ауыстыруға бел буған.

– Әлеуметтік кәсіпкерліктің басты мақсаты –пайда табу емес, көмекке мұқтаж жандарға көмектесу. Бизнестегі сәттілік – қателіктер мен сәтсіздіктерді жеңе білудің арқасында келеді. Өзімде сәтсіздікке аз ұшырамадым. Бірақ соның бәрі мені алға жетелеп, қайрай түсті. Сіздерді де еш мойымауға, өмірді сүйе білуге шақырамын, -дейді қонағымыз өз сөзінде.
Еркежан бүгінде өмірде түрлі қиындықтарға тап болған нәзік жандылардың жұмысқа орналасуына, жаңа іс бастауына көмектесуде. Сонымен қатар, уақытты тиімді пайдалану жолдарын да үйретеді. Ал, өзі болса қолы қалт етсе кітап оқумен өзін-өзі дамытумен айналысатындығын алға тартты.
Білімді, өжет, талапшыл, еңбекқор, көшбасшы адамның өмір жолы біздің шәкірттерді де қызықтырып, жаңа бір энергия алғандай әсер қалдырды. Кездесу соңы тараптардың ыстық лебіз, жылы тілектердің алмасуымен аяқталды.

Баспасөз қызметі