Жас ғалым жеткіншектерді ынталандырды

Мектеп оқушылары селекционер-биотехнолог, биология ғылымдарының кандидаты, философия (PhD) докторы Жанат Байғазиновпен жүздесті.
Желілік «Даналық бейсенбісі» жобасы аясында жерлес жас ғалыммен онлайн сұхбатта талай сұрақтың жауабы табылып, біраз мәселенің түйіні тарқады. Олай дейтініміз, Жанат Абылханұлы өзінің ғылымға қалай келгені жайлы кеңірек баяндап, болашағын жаңалық ашып, зерттеу жұмыстарымен айналысуға арнап отырған шәкірттеріміздің жүрегіне үміт сәулесін жақты.
– Мен қатардағы қала мектептерінің бірінде білім алғанмын. Сабақты да өте жақсыға оқыдым деп айта алмаймын. Мектеп бітірер де алдымда екі түрлі таңдау тұрды. Бірі – спортшы болсам, екіншісі – қай мамандық болса да, мемлекеттік грантқа ие болсам деген. Ғылым жолына түсемін деген ой мүлдем болмады. Бірақ жүре келе қызығушылық артып, түбі терең бұл салаға қалай кіріп кеткенімді өзімде байқамай қалдым. Қазір қуанбасам, өкінбеймін. Менің ойымша, адам өзін жасаған еңбегінен рахат алғанда ғана бақытты сезінеді деп ойлаймын, – дейді қонағымыз.
Жанат Абылханұлының өмірдерегіне көз жүгіртсек, ғылымнан бөлек қоғамдық –әлеуметтік жұмыстарға да белсене араласқанын көруге болады. Соның ішінде ауыл жастары мен ауылшаруашылық саласының мамандарына арнап түрлі тақырыптарда бірнеше мәрте бизнес-тренингтер, семинарлар өткізген. Бұл ісіне республикалық, халықаралық ғылыми жобаларда басшылық жасауы септігін тигізсе керек.
Осы ретте оқушылардың «Көшбасшы болу үшін не маңызды?», «Басшы адам қандай қасиеттерді сіңіре білуі керек?», «Адам дүниеге данышпан болып келеді ме?» «Адам үшін өмірдің құндылығы неде?» деген қызықты әрі салмақты сұрақтар жолдады.
– Әр адамның белгілі-бір іске қыры бар екені бала күнінен байқалады. Бірақ біздің кемшілігіміз –жалқаулығымыз. Сондықтан ерінбеу керек. Сіздер ертең мектеп бітірген кезде түрлі қиындықтарға кездесулеріңіз мүмкін. Осындай сәттерде мойымай, алға қадам баса берсеңіздер өздеріңіз қойған сауалдардың жауабын табар едіңіздер. Өз ісін сүйген, айналасын сыйлаған адам өмірден лайықты орнын табады. Мен өзіме Шәкәрім атамыздың «Адамдық борышың» атты өлеңінде айтылған өсиеттерді өмірлік ұстаным етіп алдым, -дейді жас ғалым.
Бүгінде Венгрияның Паннония университеті радиохимия мен радиоэкология институтының докторанты, ҚР Ұлттық ядролық орталығының радиоактивті қауіпсіздік пен экология институты радиоэкологиялық зерттеулер зертханасының басшысы болып табылатын Жанат Байғазинов кездесу соңында зияткерлік мектеп шәкірттерін отандық ғылымды одан әрі дамытушы ізбасары ретінде көретінін атап өтті.

Баспасөз қызметі