«Туған елге тағзым» жобасы жалғасын тапты

«Туған елге тағзым» – Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ортақ ауқымды жоба. Туған жердің тарихы және өлкенің өткен заманы мен бүгінгі келбетіне зерттеу жүргізіп, оқушының танымдық көзқарасын дамытуға бағытталған жобаның берері мол. Арғы-бергі тарихқа бай, қасиетті өлке Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері де аталған іске білек сыбана кірісті.


– Дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы жыл сайын ұйымдастырылады. Оған еліміздегі барлық Зияткерлік мектеп оқушылары қатысады. Әлемде орын алып отырған эпидемиологиялық ахуалға байланысты жоба биыл қашықтықтан өткізілді. Алдымен мектепішілік сайыс өтіп, одан үздік атанғандары жобаның желілік кезеңіне жіберіледі. Көздеген басты мақсатымыз – шәкірттеріміздің туған өлкесінің географиясын, тарихын, көрікті жерлерін, мәдениетін, өмір салтын, экономикасын таныстыратын зерттеулері мен шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсете отырып танымал ету, -дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.

Мектепішілік сайыста бақ сынауға семейлік 100 оқушы ниет білдірген. Сайыс талабы бойынша әр қатысушы жекелеген объектілерді зерделеуді қамтитын «Ұлы дала өркениеті» тарихи мұра, «Туған өлкем –жұмақ мекен!» табиғи-қорықтар, «Ұлт руханияты –бабалар аманаты» мәдени мұра, «Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует» инновациялық және индустриалды даму маршруттары, «Селт еткізер ерен ой» шығармашылық, «Туған жер -тұғырым» үздік эссе жазу арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс.


– Жоба шарты бойынша әр оқушы өзінің зерттеу объектісін қай бағытта жүргізетіндігін өзі шешеді. Яғни, еркіндік пен таңдау бар. Біздің шәкірттер өз зерттеулерін ғылыми жоба, маршрурттық карта, мобильды қосымша, бейнеэкскурсия мен бейнемаршрут, эссе жазу, шығармашылық жұмыстар арқылы орындауды жөн деп тапты. Соның нәтижесінде тарихи бағытқа – 36 бала, табиғи-қорықтар бағытына – 33 бала, қоғамдық-мәдени мұра бағытына – 27 бала, индустриалды-инновациялық бағытқа – 4 бала өз еңбектерін өткізді. Жасалған зерттеу жұмыстарының барлығы мектеп мұғалімдерінен құралған қазылар алқасының назарына ұсынылды, -дейді «Туған елге тағзым» жобасының мектепішілік үйлестірушісі Мұхтар Қажыкенов.


Қараша айының 3 күні басталып, бір айға созылған мектепішілік жоба сайысына жас зерттеушілер «Қоңыр әулие» үңгірі, «Ырғызбай ата» кесенесі, таңбалы тастар, Семей орманы, Полигон және оның зардаптары, Семей қаласының экологиясы, Семей қаласы ескерткіштерінің картасын әзірлеу, Жидебай қорығы, Семей қаласы мұражайларының картасын әзірлеуден бөлек өндіріс орындары жайлы жұмыстарын ұсынды. Аталған жұмыстардың арасынан қазылар алқасының шешімімен 10 жоба іріктеліп, желілік жобалар сайысына қатысуға жіберілді.


Баспасөз қызметі