Достық жеңіске жетті

Мектеп 7 сынып оқушылары арасында  «Білімді мыңды жығар» атты интеллектуалды-танымдық ойыны өтті. Оқушылардың оқуға деген қызығушылықтарын оятып, топпен жұмыс жасауға, интеллектті дамыту, логикалық, танымдық және шығармашылық белсенділіктерін арттыру сынды бірнеше мақсатты көздеген ойынға 6 команда қатысты.  «Сұңқар», «NiS’s stars» «Дружба», «HOMO NOVUS», «Intellectum», «Хогвартс» аталған командалар үшін ойын үш турды қамтыды.

Ойынның алғашқы «Бәйге» кезеңінде қатысушылардың ой жүйріктігі тексеріліп, қойылған сұраққа қай команданың бірінші жауап беретіндігі ескерілді.  Ал «Дода» кезеңінде командалар «Литература», «Логика», «Ғылым», «Enigma», «Разное» ұяшықтарының бірін таңдап, онда жасырылған мектеп ұстаздарының бейнесұрақтарына жауап берді. Оқушылар ойынның соңғы кезеңінде қара жәшіктерге жасырынған жұмбақтарға бас қатырды. Бұл кезеңде ойыншылардың шапшаңдығы мен команданың ұйымшылдығы сынға түсті. Бір қуантарлығы – ойынға қатысқан әр шәкірт команданың жеңісі үшін бар білімін сарп етуге талпынды.

Нәтижесінде ойынға қатысқан барлық команда мүшелерінің білім деңгейлері тең екені анықталып, жеңімпаз команда болмады.  Керісінше, достық жеңіске жетіп, әр команданың ойын барысында көрсеткен ерекшеліктеріне байланысты түрлі аталымдармен марапатталды.

Баспасөз қызметі