Оқушыларымыз республикалық ғылыми жобалар сайысының жүлдегері атанды

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауын өткізеді. Биылғы байқау 11-14 ақпан аралығында Алматы қаласы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтті.

Осы байқауға Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен қатысқан 12 сынып оқушысы Ұлан Сейітқалиев компьютерлік және физикалық модельдер арқылы табиғи және виртуалды орталық күштердің заңдылықтарын зерттеуге арналған ғылыми жобасымен (ғылыми жетекшілері – А.С.Жұмабеков, А.О.Ахатаева) 1-ші орынды, 11 сынып оқушылары Бек Қадесов пен Әлішер Рымқанның бірлесе жасаған онкотерапияда қолданылатын алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеуге арналған ғылыми жобасы (ғылыми жетекшісі А.С.Жұмабеков) 2- ші орынды жеңіп алды. Еске салар болсақ, жақында жоба авторлары мен жетекшісі онкотерапияда қолдануға арналған алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеуге арналған авторлық жұмыстары үшін сертификатқа ие болған болатын. Шәкірттеріміз жеңіске жету жолында тынымсыз еңбектенгендіктерін атап өтуіміз керек.

Республикалық ғылыми жобалар байқауы – бұл «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы республиканың экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының модельдері» тақырыбындағы мектеп оқушыларының ғылыми зерттеу байқауы. Биыл жас зерттеушілер: «Ғылыми-техникалық прогресс экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудың негізі және «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар» тақырыптары бойынша төрт бағытта бақ сынасты.

Байқаудың бірінші (мектепішілік) кезеңінде 21604 оқушы қатысты. Екінші (аудандық) кезеңде – 7332, үшінші (облыстық) кезеңде – 3381 оқушы өз білімдерін тексерді. Сайыстың қорытынды кезеңіне 737 жас зерттеушілердің 587 ғылыми жоба ұсынылды.

Баспасөз қызметі