Ұлылар туған өлкеге саяхат

Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасында дәстүрге айналған игі шаралардың бірі – Ұлылар мекеніне саяхат жасау. Басты мақсат – оқушыларымыздың жан-дүниесін  рухани байыта отырып, Шыңғыстаудың үш алыбы – Абай, Шәкәрім, Мұхтар аталарымыздың туған,өскен ортасы, өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен мағлұмат алу.

Семейден  жер кіндігі Жидебайды бетке алған автобус жүйткіп-ақ келеді. Жолаушылардың дені мектебімізге енді ғана қабылданған 7 сынып оқушылары.  Жоғары сынып оқушылары бірен-саран. Барар жерді естігені болмаса көргендері аз шәкірттеріміздің әрқайсы даналар мекенін өзінше елестетуде.

Рухани-танымдық сапардың ұзақ жолын қысқартып, балалардың сергек отыруын ойлаған тәрбиешілер жол үсті Хәкім Абайға қатысты түрлі викториналық сұрақтар қойып отырды. Жауабын дәл тапқандар кішігірім сыйлықтармен марапатталды.

Алғашқы аялдаған жеріміз – Күшікбай асуы. Тәрбиешілер асудың не үшін Күшікбай аталғанын, жалпы Күшікбайдың кім болғаны жайлы тарихи деректі балаларды қызықтыра отырып, айтып берді. Жалпы Күшікбай асуы арлы-берлі қатынайтын жолаушылардың ат шалдырып, дем алатын орыны. Шәкірттеріміз осы жерде қасиетті бұлақтан су ішіп, шөл қандырды.

– Жатақхана тәрбиешілерін алып тұлғаларды дүниеге әкелген өлкеге алып келу идеясы өткен оқу жылы қарсаңында туған. Мақсатымыз – шәкірттерімізге ғұмырына жетерлік рухани азық жинауға көмектесу. Бүгінгі таңда Абай атамыздың шығармашылығымен әлем таныс. Шәкәрім бабамыздың пәлсапалық ойлары да адамзатқа қажет мұра. Ал Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов.  Міне осы үш ғұламаның туған жеріне табаны тиген әр оқушының болашақта өмірге деген көзқарасы өзгере түсеріне күмән жоқ. Сонымен қатар біз қатарымызға енді ғана қосылып отырған 7 сынып оқушыларын қабылдау рәсімін де осы киелі топырақта өткіземіз. Осының өзі тағылымды тәрбиенің үлгісі деп білеміз, – дейді жатақхана тәрбиешісі Мұхаммед Жеңісұлы.

Жатақхана тәрбиешілері өз мақсаттарына келген бетте жетті деуге болады. Себебі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйіне аялдаған оқушыларымыз өз әсерлерін жасыра алмай, қызықтырған сауалдарын мұражай қызметкеріне бірінен соңы бірі қойып отырды.

– Мен бұл өлкеге алғаш рет келіп отырмын. Маған қатты ұнады. Бір ғана осы мұражайдан Мұхтар атамыз жайлы көптеген құнды деректерге қанықтым. Мені қызықтырған көп сауалдың бірі – неліктен бұл жер Бөрілі атанғаны. Бөрілі – түз тағысы қасқырдың көп болуы себепті берілген атау екен. Сондай-ақ жазушының «Көксерек» шығармасында кездесетін «Ақадыр», «Қарадыр» атаулы жерлер де осы өлкеде орналасқан, – деп өз ойымен бөлісті 7 сынып оқушысы Дана Айтқалиева.

Шәкірттерді қызықтырған тағы бір мәдени-рухани орын Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйі. Мұражай табалдырығын аттасымен келген қонақты қазақтың бас ақынының ата-тегі, ұрпақтары жайынан сыр шертетін шежірені құлақ қоя тыңдаған  оқушылар әр бөлмедегі күні бүгінге дейін сақталған жәдігерлермен жеке-жеке танысты. Сол арқылы көшпелі қазақ қауымына, кешегі Абай заманына сапар шеккендей күй кешті.

– Рухани мұраға бай өлкеге екінші мәрте келуім. Осыдан 6 жыл бұрынғы сапарымда балалықпен тек қызық үшін келгенімді жасыруға болмас. Түйгенім – тамашалаудан аспаған. Енді міне, сол кемшіліктің орнын толтырып, көргенді көңілге тоқып қайтпақпын. Оқу бағдарламамызда «Абай жолы» эпопеясы бар. Сол кітапты оқи отырып, кездескен жер атаулары, адамдар жайлы қосымша деректерді осы мұражайдан естіп, біліп отырмыз. Бұл мен үшін үлкен дәріс алу болды, – дейді 11 сынып оқушысы Тұрар Кәметай.

Абай мен Шәкәрім кесенесін аралап, алыптар рухына тағзым еткен оқушыларымыз үшін сапарды қорытындылау амфитеатрда өтті. Бұл жерде ақын шығармашылығына құмар шәкірттер Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқыды. Жатақхана меңгерушісі Қалжан Омарбаева, жоғары сынып оқушылары жатақханаға жаңадан келушілерге ізгі тілектерін арнады.

– Менің ойымша бұл жерге әр қазақ баласы келуге міндетті. Өйткені қазақ өнеріне, әдебиетіне жаңа леп әкеліп,  тыңнан түрен салған қасиетті жер бұл. Жазба әдебиетіміздің негізі қалап, алғашқы театр шымылдығын түрген де осы өлке. Жидебай жайлы алғаш рет әпкемнен естігем. Есту мен көру екі түрлі дүние екен. Шараны ұйымдастырған тәрбиешілерімізге алғыс айтамыз, -дейді Адель Дауымбаева есімді оқушымыз.

Амфитеатрдағы шара барысында 7 сынып оқушыларына Абайдың қара сөздері жазылған бейдждер таратылды. Осы бейджде жазылған сөздерді алдағы күндері әр оқушы орыс және ағылшын тілдеріне аударатын болады. Сондай-ақ, өткен жылдағыдай әр сыныпта тәрбие сағаттары да ұйымдастырылмақ. Ұлылар туған өлкеге жасаған саяхатымыз сәтті аяқталып, оқушылар мол рухани біліммен қанаттанып қайтты.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі