Сапардың алғашқы күнінің ерекше маңызды болуы алдағы күндерге серпін беретіні шындық. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің табалдырығын аттағаннан бастап бізге ерекше ықылас пен қонақжайлылық көрсетілді. Бізді қазақтың дәстүрімен шашу шашып, ыстық бауырсақ пен Ақтөбе қаласында өндірілетін қымыз бен шұбаттан дәм татырды. Ақтөбе қаласының бір-бірін қайталамайтын тамаша архитектурасы бірден көзге түсті. Әсіресе, үйлердің сыртындағы әдемі суреттер мен қолөнер бұйымдарының дизайны керемет әсер қалдырып, қаланы көркемдеп, ерекше атмосфера мен көңіл-күй сыйлайды. Тұрғын үйлердің қабырғаларына салынған танымдық суреттер тұрғындарға қаланың тарихы мен беделді де белгілі тұлғалары туралы ақпаратты жаңа бағытта беріп тұрғандай.
Әлия Молдағұлованың мұражайынан батыр қыздың өмірі мен ерлігі туралы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған «Әлия аллеясында» орналасқан, осы қаладан шыққан 35 батырдың ерлігі туралы тың мәліметтер алып, Әлия апамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып тағзым еттік.
Түстен кейін «Шығармашылық сарай, «Теннис алаңы», «Мұз айдыны» кешендеріне саяхат жасадық. «Шығармашылық сарайында» ұшақ және машина құрастыру үйірмелерін, «Ғарыш бөлмесінде» аспан әлемі туралы деректі фильм мен телескоп арқылы Күнді бақыладық. «Мұз айдынында» жарты сағат конькимен сырғанауға мүмкіндік алып, тамаша демалдық. Осындай мәдени орындардың көп болуы қала тұрғындарына жасалған ыстық ықылас пен қамқорлықтың белгісі. Біздің ойымызша, «Туған елге тағзым» жобасының бірінші күні қызықты, әрі өте танымды өтті.
Дана Ахмерова,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев
Зияткерлік мектебінің оқушысы