Балжан бағындырған биік, Адлен алған асу

Адлен Ролланұлы мен Балжан Аликенова өз өнерлерінің арқасында республикамызды мойындатып отыр. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушылары жуырда Алматы қаласында  «Жарқын болашақ» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының ұйымдастыруымен өткен «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауының ақтық сынында жүлдегерлер қатарынан көрінді.  Байқаудың домбыра жанры бойынша бақтарын сынаған олар бірінші және үшінші орындарды жеңіп алып, мектеп абыройын асқақтатты.
– Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың дені  арнайы кәсіби музыкалық дәріс беретін мектептердің шәкірттері. Соған қарамастан, жұлдызы оңынан туған  Адлен мен Балжан үмітімізді ақтады. Бұл екеуінің отбасында өнерге, соның ішінде домбыраға жақын адамдардың жоқ екендігіне қарамастан, жүлдегерлер қатарынан көріне білу еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ғана тән «100 күй» жобасының жемісі деп білемін, – дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі Мадияр Еркінұлы.
1 орын иегері Балжанға да, 3 орын алған Адленге де ұйымдастырушылар тарапынан смарт сағаттар сыйға тартылды.  Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», Ж.Еңсеповтің «Әке толғауы», «Хафиз», Т.Мұхамеджановтың «Детство», А.Райымбергеновтің «Секіртпе», «Кенес», «Қос алқа», «Келіншек» сынды халық күйлерін еркін меңгерген қос талантымыз сайыстың оңай болмағанын тілге тиек етті.
– Жасыратыны жоқ сахнаға бізге дейін көтеріліп, өнер көрсеткен қарсыластарымызды көріп қобалжып кеттік.  Өйткені, барлығы арнайы музыкалық білімі бар, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей өнерлі балалар болды. Жүлдеге ілінеміз деген ой болмады. Бірақ бағымызға орай, алдыңғы қатардан көріндік. Осы сәтті пайдалана отырып, дәріс берген ұстаздарымызға, қолдау білдірген ата-аналарымызға алғыс айтамыз, – дейді Балжан Аликенова.
Мектептегі достары мен ұстаздарының мақтанышына айналған қос домбырашымызға болашақта да сәттілік тілейміз.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.