Татулықты ту еткен көңілді кеш

Халқымызда «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тамаша нақыл сөз бар. Елімізді мекен етуші 130 –дан астам ұлт пен ұлыстың баласы бір арнаға тоғысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келе жатқаны әлем жұртшылығын қызықтырып келеді. Біздің басты байлығымыз да осы – бекем бірлігімізде. Ұлттар арасындағы сыйластық, бір-біріне деген қамқорлық сезімін әсіресе өскелең жас ұрпақтың бойына сіңіре білу абзал. Осы бағытта Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасы тәрбиешілерінің атқарып жатқан шаруасы аз емес.
1 – мамыр Қазақстан Халықтарының бірлігі күні қарсаңында жатақхана ұжымы тағы бір тәрбиелік мәні зор ауқымды шара ұйымдастырды. «Ортақ біздің жеріміз» атты мерекелік кеште жатақхана тәрбиешілері мен тәрбиеленушілерінен бөлек, қаламыздағы  «№7 Ақбота ясли-бақшасының тәрбиеленушілері, ата-аналары, тәрбиешілері өз өнерлерін ортаға салды.
– Бүгінгі шарамызға «Ақбота ясли-бақшасы» бүлдіршіндерінің қатысуы тегіннен-тегін емес. Өйткені, біз аталған мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйыммен 2018-2021 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастыққа арналған меморандумға қол қойғанбыз. Осы меморандум аясында жатақханамыздағы «Қуыршақ театры» балабақшаға жиі барып, түрлі ертегілерді қояды. Біз осы арқылы сәбилеріміздің дүниетанымын кеңейтіп, халық ертегілерін насихаттаймыз. Тағы бір атап өтер ерекшелігіміз – әр ұлттың ертегілері алынып, ол әртүрлі тілде сахналады. Бүгінгі кеште біздің жатақхана әртістері көрерменге тағы бір тосын сый әзірледі, -дейді жатақхана меңгерушісі Қалжан Омарбаева.
Расымен сахна шеберлері  көпшілікке жақсы таныс орыс халқының «Бауырсақ» ертегісін татар тілінде қойып, көрерменді таң-тамаша етті.  Татар тіліне аударғанда «Түгәрәк» ертегісін қою арқылы бір ұлттың екінші ұлтқа деген пейілін көрсетті.
– Біз бұл ертегіні сахналауға аз дайындалғамыз жоқ. Ертегідегі әр кейіпкерді сомдаушы әртістеріміз татар тілінде «тілін сындыруға» тура келді. Демек, біз татар тілін қосымша үйреніп алдық деуге де болады. Қойылым сәтті шықты деп ойлаймыз. Осының барлығында шәкірттеріміздің еңбегі көп сіңді, -дейді «Қуыршақ театры» үйірмесінің жетекшісі Айжан Мұқатова.
Кештің әсерлі өтуіне жатақхана ұжымының өз тәрбиеленушілерімен бірлесе орындаған өнерлері де себепкер болды. Қазақ, орыс, ұйғыр, грузин ұлттары болып топтарға бөлінген олар өздері сомдаған халық жайлы мол мағлұмат беруге тырысты. Сол елдің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарынан, өнері мен мәдениетінен ақпарат берді. Тіптен «Ақбота ясли-бақшасы» бүлдіршіндері де аға-апайларынан қалыспай, испан биін билеуі мерекенің жалпыхалықтық сипат алғанын айшықтай түсті. Әсем әуен де ұмыт қалмады. Халықтар достығына арналған бейнематериалдар көрсетіліп, көпұлтты Қазақстанымыздың мызғымас күші бірлікте екені айтылды. Концерт қаламыздағы Абай атындағы сазды-драма театрының әртісі, көптеген халықаралық ән фестивальдарының лауреаты Бекзат Омашевтің орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Жалпы Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі көп ұлтты білім ошағы. Түрлі ұлт өкілінен құралған ұстаздар қауымын айтпағанның өзінде оқушыларымыздың да әр ұлттың баласы екенін айта кетуіміз керек. Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір осы кейінгі жас буын ертеңгі Қазақстанымыздың беткеұстар азаматтары болары анық.