БҰҰ Моделінің кезекті конференциясы өтті

Жуырда Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделінің дәстүрлі конференциясы өтті. Осымен 3 – ші мәрте ұйымдастырылған шараға қала мектептерінен, ҚМУ Университеті, сондай-ақ Павлодар, Өскемен және Астана қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінен делегаттар келіп қатысты. Биылғы конференцияға 120 адам қатысты. Конференцияның ашылу салтанатына мектебіміздің директоры Бағдан Қайыржанов, Орталық Азияның БҰҰ Моделі координациялық орталығының жетекшісі Валихан Бахретдинов қатысып, оқушыларды құттықтады. Конференцияның сәтті өтуіне тілек білдірді. Сондай-ақ, ЮНИСЕФ – тің Қазақстандағы елшісі, шахматтан әлемнің 4 дүркін чемпионы Динара Сәдуақасованың ЮНИСЕФ жетістіктерімен қатар, жаһандық проблемаларды шешуде жас ұрпақтың қызығушылығын атап өткен видео-хабарламасы ұсынылды.
Биылғы конференция жұмысында делегаттар түрлі комитеттер құрамына бөлініп,  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін, БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне қатысты өзекті сұрақтар бойынша өз ойларын ортаға салды. Міне осы 6 комитет 2 күн бойы жемісті еңбек етті деуімізге болады. Көздеген мақсатқа жете білген басқосу жоғары деңгейде өтіп, оған қатысушы оқушыларға ерекше әсер сыйлады.  Конференцияны қорытындылау сәтінде 13 делегат «Үздік делегат», «Құрметті атақ» және «Үздік лауазымдық қағаз» номинацияларымен марапатталды. Биылғы конференция басқа қалалардың  оқушыларының қатысуымен және дебаттардың жоғары жоғары дәрежеде өтуімен, қатысушылардың бір-бірімен белсенді түрде өзара араласуына бағытталған түрлі әлеуметтік шаралардың өткізілуімен  ерекшеленді.

Әлия Мұстафина,
Конференцияның бас хатшысы,
11 «В» сыныбының оқушысы