Сыртқы жиынтық бағалауға арналған семинар

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «2018-2019 оқу жылында Зияткерлік мектептерде сыртқы жиынтық бағалауды өткізуді  ұйымдастыру мен дайындау» тақырыбына арналған 2 күндік семинар өтуде. Семинарға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім сапасын бағалау және халықаралық аккредитация департаментінің директоры Гүлнар Құрманбаева, педагогикалық өлшеулер орталығы директорының орынбасары Ләйла Тұрсынова және директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысуда.  Білім саласындағы ең өзекті мәселені талқыға салған білікті педагогтар 2 күндік семинар барысында көптеген сауалдарға нақты жауаптар іздемекші.
– Алдымен осы семинарды өздерінде өткізуге қолдау білдірген семейлік әріптестерімізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Семинарды бұл мектепте өткізуіміздің өзі тегіннен-тегін емес. Естеріңізде болса, Семейде Зияткерлік мектеп өткен оқу жылының қорытындысы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Енді 2 күндік семинар барысында сіздер мен біздер жиі кездесіп жататын өзекті мәселерді ортаға салып, оны шешудің жолдарын қарастырамыз, -деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім сапасын бағалау және халықаралық аккредитация департаментінің директоры Гүлнар Құрманбаева өз алғысөзінде.
Бұдан әрі мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеу мен ЖОО –на түсуге дайындау жөнінде қажетті ақпараттармен бөліскен Гүлнар Арыстанбекқызы семинарға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді.
Семинарды  «2018-2019 оқу жылында Зияткерлік мектептерде сыртқы жиынтық бағалауды өткізуді  ұйымдастыру мен дайындау» жайында педагогикалық өлшеулер орталығы директорының орынбасары Ләйла Тұрсынова кеңірек мағлұмат берді. Өз баяндамасында балалардың емтихан тапсыру кезінде орын алған қателіктер мен проблемаларына тоқталған ол болған жайттардың негізгі себептерін атап берді. Соның ішінде кей сәттерде ұйымдастыру жұмыстарының ақсап жататындығын ашық айтты.
Семинар барысында бірнеше тақырыптар бойынша іс-тәжірибе алмасулар болып, пән сабақтарында сыртқы жиынтық бағалау нәтижелерін жақсарту жолдары талқыланды. Соңғысы пән секцияларында тереңірек қарастырылды. Мектеп психологтары сыртқы жиынтық бағалауды тапсыру кезеңінде орын алатын психоэмоциональды жағдайлардың алдын алу бойынша өз ойларымен бөлісті. Аталмыш Семинар ертеңде жалғасатын болады.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі