Игі іс жалғасын тапты

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеті арасындағы әріптестік байланыс орнағалы көп уақыт өтті. Өңіріміздегі іргелі білім ошақтарының қол қойған екіжақты меморандумының аясында Зияткерлік мектепте еңбек етуші шетелдік ұстаздар университеттің физика, химия, биология, информатика факультеттері студенттерінің ағылшын тілін жетілдіруге көмектеседі.
– Бұл біздің студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені, бүгінгі таңда ешбір жерде ағылшын тілі курстары тегін оқытылмайды. Ал шаһарымыздағы Зияткерлік мектеп ұжымының көмегінің арқасында біз өзіміздің ең таңдаулы деген 16 студентімізді іріктеп алып, білікті маманнан дәріс алуға жол ашып отырмыз. Осы үшін мектеп басшылығына үлкен алғысымызды айтамыз, -дейді университеттің жаратылыстану және математика факультетінің деканы Гүлназ Берікханова.
Студенттерге Назарбаев Зияткерлік мектебі тарапынан беріліп отырған көмек алғашқы рет емес. Бұған дейінде аталған оқу орнының бір топ жастары дәл осылай оқытылып, солардың арасынан сынақты сәтті тапсырғандары Зияткерлік мектепке мұғалім болып қабылданған.
– Біз осы арқылы болашақ білікті кадрларды даярлауды мақсат етеміз. Мектебіміз үш тілде білім беретіндіктен, ұстаздарымыздың ағылшын тілін жақсы білуі біз үшін маңызды. Дәріске қатысушы 16 студент  физика, химия, биология, информатика пәндерінен ағылшын тілінде сабақ беретін болашақ мұғалімдер. Біз оларды оқытып қана қоймай, мектебімізден өндірістік іс –тәжірибеден өтулеріне де жағдай жасаймыз, – дейді физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов.
Дегенмен мектеп басшысы жас мамандарды мектепке қабылдау жалпыға ортақ белгіленген ереже бойынша жүргізілетінін атап өтті.
Айта кету керек, мектебіміздің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков пен биология пәнінің мұғалімі Баян Амангелді осындай дайындықтан және педогогикалық тәжірибеден өткен аталған университет түлектері. Студенттерге аптасына 1 жарым сағаттан екі күн шетелдік әріптесіміз Уильям де Джагер дәріс беретін болады. Үміті ақталған игілікті істің кезекті нәтижесін көрер күніміз де алыс емес деп сенеміз.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі