“SAMGAU” түлектер форумы өтті

Мектебімізде “SAMGAU” түлектер форумы ұйымдастырылды. Алтын ұямыздан әр жылдары түлеп ұшқан шәкірттеріміздің басын қосқан форум «EdGiving Alumni NIS: білім мен тәжірибені оқушыларға тарату үшін мектепке қайта оралу» тақырыбында өтті. Форумға түлектерден бөлек оқушылар мен ұстаздар қатысты.


– Форум Alumni NIS түлектер қауымдастығы мен Зияткерлік мектептерді дамыту қорының бастамасымен өтуде. Болашағын қандай мамандықпен байланыстырғысы келетін мектеп оқушысы үшін дәл осындай басқосудың пайдасы мол. Түлектеріміз шара барысында жоғары оқу орнына қандай құжат өткізуден бастап, оны қалай өткізуге дейінгі ең негізгі сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда қандай мамандықтар сұранысқа ие екендігі туралы да айтылады. Форумға отандық жоғары оқу орындарынан бөлек, шетелдік айтулы университеттерде білім алып жатқан және оқуды аяқтап еңбек жолын бастап кеткен түлектеріміз қатысуда, -дейді мектебіміздің кәсіби бағдарлау кеңесшісі Мәди Измаилов.


Форум химия, биология, медицина, инженерия, физика, ІТ, ғарыш, сәулет өнері, Қазақстандық теңіз академиясы, бизнес, экономика, менеджмент-маркетинг, геология, мұнай-газ, география, экология бағыттары бойынша бірнеше секцияға бөлінді. Оларда Назарбаев Университеті, ҚБТУ, Семей мемлекеттік медицина университеті, Катардағы Carnegie Mellon University, Швецариядағы University of Zurich сынды оқу орындарында білім алып жатқан түлектеріміз өз кеңестерімен бөлісті.
Мектебіміздің алғашқы түлектерінің бірі – Нарша Ашимова. Офтальмохирург мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген түлегіміз бүгінде қаламыздағы «SEMEYOFTUM» клиникасына басшылық жасайды.


– Өмірлік мамандығымды таңдау жолында мектептің алған рөлі ерекше болды. Одан бөлек, тұлғаның жеке дамуына оң әсер ететін дағдыларды сіңіріп, бүгінді еңбек жолымда кәдеге жаратып келемін. Форум барысында іні-сіңілдеріме мамандық таңдау барысында қандай қағидаларды ескеру керек, неге мән беру керегі жайлы өз білгенімізбен бөлістік. Айтылған ңеңестерімізді ескереді деп ойлаймыз, -дейді Нарша Ашимова.


Форум барысында мектеп директоры Бағдан Қайыржанов түлектермен мақтанатындығын айта келіп, оларға есігіміздің ашық екенін тілге тиек етті. Секция жұмыстарында түлектеріміз өздері әзірлеген ақпараттарын ортаға салып, мектеп оқушылары тарапынан қойылған сан-салалы сұрақтарға жауап берді.