Бүгінде Семей қаласындағы бірнеше орта білім беру мекемелері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ортақ «Қоғамға қызмет ету» жобасымен жұмыс жасайды. Бұл жайында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздарымен ZOOM платформасында өткен конференцияда белгілі болды. Жалпы бұл конференцияның негізгі мақсаты – қала мектептеріне алдағы уақытта да әдістемелік қолдау көрсетуді жалғастыру. Кезекті конференцияға 11 тірек мектебінің тәрбие ісі меңгерушілері мен тәлімгерлері, сынып жетекшілері қатысты.
– «Қоғамға қызмет ету» зияткерлік мектептерде өз жемісін берген, пісіп-жетілген жоба. Осы жобаның аясында оқушыларды жан-жақты етіп тәрбиелеуде талай жарқын жұмыстар жүзеге асты. Орта білім беру мекемелеріне осы жобаны енгізу біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі болатын. Осы бағытта бір ғана өтпелі жылдың қаңтар айынан бастап арнайы бағдарлама жасалып, қала мектептеріндегі әріптестеріміз үшін 3 айлық курс ұйымдастырылды. Курс 50 теориялық, 50 практикалық сағаттан тұрды, -дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.
3 айлық курс 2 бағытты бағытты басшылыққа алды. Соның алғашқысында теориялық материалдарда әлеуметтік жобаларды іске асырудың құралдары, жобаны жоспарлау, әдістемелік қолдау көрсету, көшбасшылықты дамытудың түрлі әдістері ұсынылса, кейінгісінде практикалық жұмыстар жобаны тарату бойынша өткен семинарларға қатысушылардың сұраныстарынан алынды. Нәтижесінде еріктілер қозғалысы, еріктілер клубы жайлы ақпараттар оқушының жеке дамуына ғана емес, топтасып ұжымда жұмыс істей білу дағдыларына, көшбасшылық қасиеттерін арттыруға көмектесті.
– Курстағы теориялық, практикалық сағаттарға қатыса отырып, біз өз мектебімізде жаңа жобаның жүзеге асуы үшін еңбек еттік. Еңбек еш кеткен жоқ. Нәтижесінде талай тың дүниелермен танысып, жоба аясындағы оқушы тәрбиесіне, оның жеке дамуына қатысты жұмыстар сәтті аяқталуда. Сондықтан жобаны алдағы уақытта да мектебімізде жалғастыруды жөн көріп отырмыз, -дейді шаһарымыздағы № 3 мектеп директорының тәрбие ісінің меңгерушісі Қарлығаш Заманбекқызы.
Бүгінгі конференция барысында оған қатысушы өзге де мектеп ұстаздары курстан не үйреніп, оны қалай жүзеге асырып жатқандарынан бөлек, жобаның тигізер пайдасы жайлы да өз ойларын ортаға салды. Ал Зияткерлік мектеп ұстаздарынан құралған қазылар алқасы арнайы бағалау критерийлеріне сүйене отырып, қатысушыларға лайықты орындарын бөліп берді. Бас жүлдені № 31 ЖОББМ, І орынды «Төлеубай Аманов» атындағы № 16 ЖОББМ, ІІ орынды № 3 ЖОББМ мен «Әлихан Бөкейхан» атындағы № 39 ЖОББМ, ІІІ орынды № 6 гимназиясы, «№ 19 ЖОББМ, Жарқын ЖОББМ» иемденді. Бұдан бөлек әр қатысушыға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Қоғамға қызмет ету» курсын оқығандықтарын растайтын сертификат табысталды.
Н.Сұлтаева,
Семей қаласындағы физика-математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
педагог-ұйымдастырушы-кураторы