Сыңғырла, күміс қоңырау!

1 қыркүйек Білім күні мектебімізде салтанатты дәстүрлі түрде өткізілді. Алғашқы қоңырау еліміздегі «Балалар жылы» және «ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылы» шеңберінде өтті.


Алғашқы қоңырау салтанатында ұстаздар, оқушылар, ата- аналарды құттықтаған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов өткен оқу жылының табысты болғанын айта келіп, алдағы оқу маусымы жаңа міндеттерді жүктеп, жаңа биіктерді бағындыруды талап ететіндігін атап өтті. «Сол үшін қалыптасқан дәстүр бойынша метебімізге жаңадан қабылданған 7 сынып оқушыларын жаңа ортаға тез бейімделіп, жоғары сыныптағы аға-әпкелері сияқты жан-жақты білім мен тәрбие алуына күш салатын боламыз», -деді директор өз сөзінде.


Зияткерлік мектепте білім алу бақыты бұйырғандардың бірі – Арнұр Нұрғазин. Ол конкурстық іріктеуде ең жоғары ұпай жинаған. Болашағымды еліміздің дамуына арнағым келеді деген жас өрен Зияткерлік мектептің шәкірті атанғанына өте қуанышты.


Шара барысында мектепішілік және желілік жобалар жайлы айтылды. Сонымен қатар, халықаралық пән олимпиадаларында, сайыстарда жеңіске жеткен шәкірттерге Алғыс хаттар табысталды. Өнерпаз оқушылардың әсем әуені, мың бұралған биіне де кезек берілді. Куратор сағатында шәкірттеріміз қызықты тақырыптарға толы ақпараттармен танысты.