Біз – бір отбасымыз

Отбасы – қоғамның алғашқы ұяларының бірі. Отбасында баланың айналасын қоршаған дүние жайлы алғашқы түсінігі, көзқарасы, сезімі, әдет- дағдылары бой көрсетіп қалыптасады. Баланың дұрыс өсуіне қажетті жағдайлар жасау, оның орта білім алуына, мамандық, кәсіп таңдауына көмектесу, еңбекке дағдыландыру, қоғам мен өз мүлкіне ұқыпты қарауға үйрету ата-ананың басты борышы. Баланы бүгінгі өмір талабына сай азамат етіп өсіру үшін оған жас кезінен дұрыс тәрбие беру қажет. Ата-ана өз баласының неге қызығатынын, нені жақсы көретінін, неден қорқатынын, қандай іс-әрекеттерге ынта-ықыласы барын, қандай іске бейім екенін біліп отыруға тиіс.
Мектебімізде қараша айынан бастау алған «Біз бір отбасымыз» on-line бағдарламасы өз мәресіне жетті. Мектептің 7-сынып оқушылары мен ата-аналарына арналған жобаның мақсаты – ата-аналар мен балалардың эмоционалды жақындасуына мүмкіндік жасау. Кездесулер «Біз бір отбасымыз», «Ата-аналар және балалар», «Менің отбасындағы рөлдерім мен хабарламаларым», «Отбасы ережелері», «Біз өзімізді және бір- бірімізді білеміз бе?»,«Өзіңізді және басқаларды тыңдау» және қорытынды сынды сабақтардан тұрды. Нәтижесінде қатысушылар бір-бірлеріне, жақындарына мұқият және қамқор болуды үйренді. Курс диалог түрінде өткізілді. Сонымен қатар психологтар тарапынан түрлі жаттығулар ұсынылды, қатысушылар практикалық тапсырмаларды бірге орындады. Әр сабақ қызу талқылау, пікір алмасу, тың идея, ой, ұсыныстар айтумен өтті.
Бағдарламаға белсене қатысқан жетпіске жуық отбасы мектеп басшылығы тарапынан сертификаттарға ие болды. Жоба қатысушылары бағдарламадан алған әсерімен бөлісіп мектеп әкімшілігіне, жоба жүргізушілеріне ризашылық білдірді.

  

Әлия Жоламанова,

педагог-психолог