Жазушымен жүздесу

Cемей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиешілері «Қазақтың Қанышын әлемге танытқан…» тақырыбында белгілі жазушы Медеу Сапаұлы Сәрсекемен кездесу кешін ұйымдастырды. Кештің мақсаты – Медеу Сәрсекенің өмірі мен шығармашылығымен танысу, Қаныш Сатпаевтың ғибратты өмірі туралы автордың өзінен есту. Өмір жолын инженерлікпен бастап, зауытта еңбек еткен Медеу атамыз жылдар өте жаны жазушылыққа жақын екенін түсініп, фантастика жанрында кітап жаза  бастады. Қаншама мың оқырманның ықыласына бөленсе де, Медеу Сапаұлы бұл жұмысты қойып, ұлтымыздың кемеңгер перзенті Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолын зерттеуге кірісіп, қырық жылдан астам уақытын сарп етіпті. Ол еңбегі бүгінгі таңда әлемнің 112 еліне таралып кетті.
Кеште «Парасат», «Құрмет» орденінің иегерімен бетпе-бет жүздесіп, Медеу атамыздың өз аузынан өмірбаяны туралы, әртүрлі өзекті тақырыптар туралы не ойлатыны жайлы, жазушылық жолға түсуге не себеп болғанын, қандай қиыншылықтарға кез болғанын білдік. Сонымен қатар, бізді толғандырып жүрген біршама сұрақтарға жауап алып, білімімізді тереңдеттік. Жасы 84-ке келсе де, әлі шығармашылықпен айналысып жүрген Медеу Сапаұлына өз уақытын бөліп, бізбен әңгімелесіп, кітап тарту еткеніне өте қуанышытымыз! Әлі де қаламыңыз ұштала берсін, күш-қуатыңыз қажымасын!
Жатахана қабырғасында осындай тағылымы мол, есте қаларлық, мағыналы, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін, өз Отанымыз, тарихымыз жайлы сабақ болатын кештер жиі болып тұрса екен деп тілек айтқым келеді.

Назым Ғадылбекова,
12 сынып оқушысы