Жастар жылында оқушылар алдында жаңа міндет тұр

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары ұстаздарымен бірге Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатын тікелей эфирде тамашалады.
Тікелей эфир басталмас бұрын мектеп директоры Бағдан Қайыржанов сөз алып, Ұлт Көшбасшысының өткен жылғы Халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы ұсыныс білдіргенін, соның нәтижесінде ағымдағы кезең ел келешегіне баланатын кейінгі буын өкілдеріне мол мүмкіндіктер берілетін уақыт екенін атап өтті.
Мектеп акт залына жиналған 11-12 сыныптағы шәкірттеріміз Елбасы алдында сөз сөйлеу құқына ие болған өз замандастарының  соңғы жылдарда жеткен жетістіктерін көзімен көріп, жаңа күш-жігер алғандарына күмән жоқ. Өйткені, олар тікелей эфирді тамашалай отырып, отандық ғылымның әр саласына жаңаша леп, тың жаңалық алып келген жастардың жетістікке қалай жеткендеріне құлақ түрді. Тіптен ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, бизнестегі кәсіптерін ұршықша үйіріп әкетіп отырғандардың бүгінгі тірліктері кім-кімді болмасын қызықтырмай қоймайды.
– Жастар – ел болашағы. Еліміздің ертеңі. Ағымдағы жылдың жастарға арналғаны тың идеялар мен серпінді істердің басы-қасында жүретін кейінгі буын өкілдерінің талабына қанат бітіргендей әсер қалдырады. Салтанатты шарада Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, құрдасымыз Иван Крепактың сөз алып, Елбасыға өз ойын жеткізгені, барлық Зияткерлік мектеп оқушылары атынан алғыс айтқаны біздің көкейімізде жүрген ойымызды дөп басты. Ұлт Көшбасшысы жастарға қарата айтқан сөздерінде биылғы «Жастар жылында»жарнамасы жер жаратын, дабыра жиындардан бөлек, нақты іспен үлкен жұмыстар атқаруға шақырды. Президент көтерген бастама күнделікті қоғамымыздағы өзекті мәселелердің қатарынан. Ендеше, оларды шешу жолында жастардың да үлес салмағы мол болуы керек деп ойлаймын,- дейді тікелей эфирден кейін өз ойымен бөлісті 11 сынып оқушысы Темірлан Әмірғазин.
Қоғамның негізгі қозғау күші болып саналатын жастарға қолдау білдіру арқылы оларды көтермелеу ертеңгі күнімізге бей-жай қарамауымыздың көрінісі. Елбасымен өткен кездесу барысындағы емен-жарқын жүздесуден кейін талай жас жүрекке жалын отын маздағаны анық. Енді тек жұмыла жұдырық болып, ел игілігі жолында жастыққа тән нағыз қайрат көрсету ғана қалды.

Семей қаласындағы физика математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.