ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БАЛДАН ЖИНАЛҒАН ҚАРЖЫ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛДЫ.

Қайырымдылық – адамның ізгі қасиеттерінің бірі. Көмекке мұқтаж жандарға қолұшын беру әрбір тұлғаның қоғам алдындағы міндеті деп білеміз. Осы ретте  Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздары мен оқушылары көпке үлгі болып келеді. Мәселен, олар қайырымдылық Вена балын 5- ші жыл қатарынан ұйымдастырды. Шара Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ал, жалпы биылғы би кеші ЮНЕСКО аясында «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық он жылдығы» жобасы тақырыбымен аттас өтті.
– Мектебімізде Вена балын өткізу дәстүрге айналып келеді. Бұндағы мақсат – оқушыларымыздың қоғам алдындағы азаматтық әрі әлеуметтік жауапкершіліктерін қалыптастырып, адами қасиеттерін ұштай түсу. Бұл қайырымдылық шарасы болғандықтан шәкірттеріміз өздерінің айналасындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға дұрыс көзқараспен қарап, оларға көмек қолын созуға мүмкіндік алады. Жалпы қайырымдылық шарасы мектебімізде жиі өткізіліп тұрады. Біз бұл бағытта ШҚО Семей қаласы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Бүгінгі шара аясында қайырымдылықтан түскен қаржыдан осы мекемеден көмек алатын 5 мүмкіндігі шектеулі балаға ақшалай көмек береміз, -деді өз сөзінде мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.
Әсем әрі көрікті кең залда шыр айнала билеген мектеп оқушылары келген қонақтарға мерекелік концерт ұйымдастырып, өздерінің қолынан шыққан түрлі өнер туындыларын аукцион арқылы саудалады. Мектеп мұғалімі Нартай Советханұлы жүргізген аукцион келген қонақтардың қызығушылығын тудырып, бәс саудаға тігілген заттардың бастапқы бағасынан әлденеше есеге қымбат өтіп жатты.
Жалпы Вена балына қаламыздың атқарушы билік өкілдері, білім, өнер саласының білікті мамандары мен басшылары қонақ ретінде шақырылды. Жиыны 600 –ден астам оқушы, 120 мектеп мұғалімі, 100 –ге жуық ата-ана қатысқан шара жоғары деңгейде өтті.
– Вена балы жыл сайын асыға күтетін мерекелеріміздің бірі. Біз оған айрықша дайындаламыз. Би кеші бізге қоршаған ортаға жаңа бір көзқараспен қарауға көмектеседі. Біз өмір сүрген ортада мүмкіндігі шектеулі азаматтар аз емес. Оларға моральдық-материалдық көмек ауадай қажет. Міне осы қажеттілікті қанағаттандырып, олардың да қоғамның толық бір мүшесі екенін сезіндіру үшін Вена балының мәні де маңызы да ерекше. Өз басым жанашырлық, қайырымдылық жасауды жоғары адами қасиет санаймын. Сондықтан бүгінгі шарада замандастарымнан қалыспай бір ксідей атсалысуға бел будым, – дейді 12 сынып оқушысы Ақбота Асқарбекқызы.
Вена балы жалпы сомасы 780 мың теңге жинады. Қомақты қаржының жиналғаны жайлы сахнада хабарланып, кешке арнайы шақырылған мүмкіндігі шектеулі 5 баланың әрқайсына 100 мың теңгеден берілді. Қалған 280 мың теңге мектебімізде білім алатын көп балалы отбасыдан шыққан, тұрмыс жағдайы нашар 10 баланың қажетіне жаратылады деп шешілді. Алдағы уақытта тиісті комиссия мүшелері аталған 10 балаға қандай нақты көмек керек екенін анықтап, сол бойынша қажетті киім-кешектерін сатып алып бермек. Сондай-ақ мектеп әкімшілігі қайырымдылыққа белсене қатысып, демеушілік жасаған ата-аналардың бір тобына Алғыс хаттар табыс етті. Шарада сөз алған ата-аналар мектеп ұжымы мен оқушыларға жүрекжарды алғыстарын білдіріп, еңбек пен білімде табысқа жетулерін тіледі.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.