Атырау мен Алматылық оқушылар Ұлылар елінде.

Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіруде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ көптеген ауқымды әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдығына орайластырып өткізіліп отырған желілік «Туған елге тағзым» танымдық –өлкетану экспедициясы. Биыл еліміздің рухани-мәдени орталығы саналатын қасиетті Семей шаһарына Алматы мен Атырау қалаларындағы Зияткерлік мектептің оқушылары атбасын тіреді. Бірі –физика-математикалық, бірі – химия-биологиялық бағытта білім беретін қос білім ошағының шәкірттерін теміржол вокзалынан семейліктер ыстық ықыласпен қарсы алды. Сапардың алғашқы күні өзара «Танысу кешін» өткізген зияткер оқушылар мектеп ішін, қаланың көрнекті жерлерін аралап, танысты.
Жалпы, Семей қаласы әлемге әйгілі тұлғаларды дүниеге әкелуімен ғана емес, рухани-мәдени азығы мол мұражай, кітапхана, театрларының көптігімен мақтана алады. Мәселен, мұражайларда осы өлкенің өткенінен толық мағлұмат беретін құнды жәдігерлер қаз-қалпында сақталған. Қазақстандағы көне музейлердің бірі – Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі 1883 жылы саяси жер аударылған орыс демократтары  Е.П.Михаэлис, М.И.Долгополов, П.Д. Лобановский және қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бастамасымен құрылған болатын.  Әр уақытта музейдің қалыптасып,  дамуына ұлы Абай,  оның талантты шәкірті, ақын, философ  Шәкәрім Құдайбердіұлы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтер қолдау көрсеткен.  Қазіргі күні музей қорында 108 мыңнан артық жәдігер сақтаулы. Міне осы кереметтерді көзімен көрген экспедиция мүшелері қазақ жерінің, соның ішінде Семей өңірінің тарихқа тұнып тұрғанына куә болды.
Оқушылардың келесі  аялдаған жері – Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы М.Әуезовтің ұсынысы бойынша ақынның туғанына 95 жыл толу қарсаңында 1940 жылы құрылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. Бұл жерде де Абай айналасы, шығармашылығы, қалдырған мол мұрасы, ақынның тұтынған заттарын көзбен көру қонақтарымызға ерекше әсер сыйлады.
– Семейге алғаш келуім. Бала күнімде әжем Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған өлкеге алып барамын деп жиі айтатын. Құлаққа сіңісті осы бір сөздер мені Семейге көрмей тұрып-ақ құмар етті. Енді міне, экспедиция аясында арманым жүзеге асып, ұлылар табанының ізі қалған жерге келіп отырмын. Әсерім керемет. Семей – көне ескерткіштері көп, өзіндік сәулеті қалыптасқан қала екен. Ал мұражайлардағы жәдігерлерді қарап, жергілікті халықтың мәдениетінің бай, тұрмыс –тіршілігінің жақсы болғандығын көруге болады. Мәселен, мені «Алашорда» үкіметінің Батыс бөлімшесін басқарған Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі, қызметі бұрыннан қызықтыратын. Алаш азаттығын аңсаған есіл ер жайлы зерттеу жүргізуді қолға алғам. Соған қажетті біраз деректерді Семейдегі «Алаш арыстары- М.Әуезов» мұражайынан таптым. Экспедиция мен үшін өте пайдалы өтуде, -дейді атыраулық оқушы Аружан Картыкова.
«Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайында Алаш көсемдері жайлы ақпараттарға қаныққан оқушылар мол рухани білім алып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты.  Қонақтарымызды алда дәл осындай қызықты сапарлар күтіп тұр.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.