Ұстаздар Елбасы Жолдауын тыңдады.

Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауын тікелей эфирден тыңдады. Мектептің акт залына сабақ процесінен бос ұстаздардан бөлек, персоналды бөлім қызметкерлері де жиналып Ұлт Көшбасшысының ел дамуының кезекті жолдарын айқындап беретін ХІІІ жолдауына тапжылмай тыңдап, қандай әлеуметтік-экономикалық салаларға басымдық берілетіндігіне қанықты. Президент бұл жолғы Жолдауында Қазақстан тұрғындарының әл-ауқытының жақсаруына бағытталған бірнеше жоспарларды, атқарылуға тиісті міндеттерді саралай келіп, тиісті министрліктер мен ведомство басшыларына тың тапсырмалар жүктеді.  «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты», -деген Елбасы орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезде солардың орындалуына баса назар аударған жөн деді. Ұрпақ, ел келешегін тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына осы бір сөздер ерекше әсер етті.
– Ел дамуының темірқазығына айналған Елбасы Жолдауы әр жыл сайын өзінің мәні мен маңыздылығы жағынан ерекшеленіп отырады. Биылғы Жолдауда айтылған әр ұсыныс, тапсырма болсын ертеңгі күніміздің қалай боларынан ой салады. Бір ғана білім саласына тоқталар болсақ, Президент бізге балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізуді тапсырып отыр. Осы арқылы оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. «Сонымен бірге, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай үлгісі болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады»,-дегені біздің ұстаздар еңбегінің еленгені деп ойлаймын. Ең бастысы алдағы жылда «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау керектігін айтуы қоғамдағы ұлы мамандық иелерінің мәртебесін көтеруге ерекше ықпал етеді деп білемін. Бұл бізді ерекше қуантады, -дейді Жолдауды тыңдаған Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов.
– Жолдау жаңа бастамалардың басы. Биылғы Жолдауды тыңдай отырып, жастарға ерекше көңіл бөлінгені қуантады. Бір ғана, келер 2019 жылды елімізде «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған Елбасымыздың үндеуіне мен қосыламын. Сонымен қатар, мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту мен «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керектігін айтқаны оқушылармыздың туған жері мен еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі деп ойлаймын,  -дейді жас ұстаз Руслан Қасенов.
Көпке ой салған Жолдауды көкейге түйген ұжым алдағы уақытта тың тапсырмалар негізінде жұмыс атқара бермек.

Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі