Биылғы тамыз кеңесі жаңа міндеттерді жүктеді.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жылдағы дәстүр бойынша аймақ ұстаздары үшін маңызды шара өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» ШҚО білім беру қызметкерлерінің 2018 жылғы тамыз кеңесінің аясындағы білім мазмұнын жаңартуды 6,8 сынып мұғалімдеріне арналған пән секциясына жалпы жиыны 750 педагог қатысты. Олардың арасында мектеп басшылары, әдіскерлер, пән ұстаздары бар. Секция отырысына жиналған мұғалімдер өз пәндері бойында жаратылыстану және гуманитарлық бағыттарға бөлініп, зияткерлік мектеп ұстаздары өткізген жаңашыл бағыттағы шеберлік сабақтарға қатысты.
Секция отырысы басталмас бұрын мектеп акт залында жалпы жиналыс өтіп, облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығының өкілдері мен зияткерлік мектеп басшылығы сөз алып,  ұстаздар алдына қойылып отырған міндет-мақсаттар жайында сөз қозғады.  Мәселен, ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова биылғы пән секциясының бұрыңғы секциялардан айырмашылығы көп екендігін айта келіп, еліміздегі 3,6,8 сыныптарды жаңартылған оқу мазмұнына көшіруге байланысты Назарбаев Зияткерлік мектептері іс –тәжірибелерін қолданысқа енгізу басты мақсат екендігін алға тартты.
– Осы мақсатты жүзеге асыруда Өскемен мен Семей қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 30 пән секциясы өз жұмысын бастап, оған 3 мың мұғалім тартылып отыр. Ағымдағы жылы білім мазмұнын жаңартуға көшетін сыныптарға оқулықтар толық алынды. Ұстаздарымыздың 80 пайызы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Қалғандарын жыл соңына дейін өткізу жоспарда бар. Әрбір толыққанды мектепте зияткерлік мектеп стандарттарына сай жабдықталған роботты техника, химия, биология, физика кабинеттерін аштық. ІТ сыныптар өз жұмыстарын бастайды. Сондықтан зияткерлік мектеп ұстаздарының іс-тәжірибесін терең меңгеріп алғанымыз жөн, – деді Айгүл Оралғазықызы өз сөзінде.
Бұдан бөлек, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов «2018-2019 оқу жылындағы білім мазмұнының жаңаруы» жайында, педагогикалық шеберлік орталығының ШҚО бойынша аға менеджері Динара Әділжанова «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін өңірде тарату бойынша қорытынды» жайлы кең көлемді мағлұмат берді.
Шеберлік сабақтар мен семинар-тренингтерге қатысқан өңір ұстаздары жаңа оқу маусымына жаңа күш-қайратпен кірісуге уағдаласып тарқасты.

Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
 баспасөз қызметі.