Ағылшын тіліндегі сөздік қорымызды молайттық

Жазғы мектептің соңғы күндері жақындаған сайын оқушылардан қимастық сезім анық байқалады. Алғашқы кездегідей емес, бір- біріне тосырқамай, еркін араласып, әзіл-қалжыңдары жарасып, әр күнді көңілді өткізіп жатыр. Тіптен араларында уақытттың зырғып өткеніне өкініш білдіріп, жазғы мектеп жалғаса берсе дегендер де табылды.    Ұстаздар қауымы да азғана уақыттың тиімді өтуіне күш салып, балалар үшін пайдалы сабақтар мен курстарды өткізуде. Мәселен, бүгін күнделікті сабақтарын бастамас бұрын, өздерінің сүйікті «Jump in and Jump out» атты әуендерін орындап,  «Skittles» ойынын ойнауды үйренді.
Ойын шарты бойынша оқушылар өз қалауларынша топқа бөлінеді. Әр топта үш немесе төрт оқушыдан жұмыс жасайды. Топ болып тақырыпқа сай заттарды фотоға түсіріп, кейін сол фотоларды жинақтап қысқаша бейнефильм түсірді және оны өздері дыбыстайды.   Біздің байқағанымыз, оқушыларға бір орында отыруды емес, керісінше, белсенді жаттығулар жасаған, үнемі қозғалыста болуды қалайды. Осыны ескерген оқытушылар күн сайын қозғалмалы ойындарды сабақпен байланыстыруға тырысады.
«Ағылшын тілі» курсының тағы да бір сабағы үй шаруасына байланысты болды. Қатысушылар ағылшын тілінде үй ішіндегі өз міндеттерін тізіп айтып берді. Бұл жаттығудың тәрбиелік мәні де зор. Себебі, оқушылар жақын адамдарының жұмысын бағалап, ол жұмыстың оңай емес екенін сонымен қатар жақындарына үй шаруасына көмектесіп, өз үлестерін қосудың маңызын түсінеді. Күн тәртібін шаруаларға байланысты үйлестіріп, уақыттарын үнемдеп, босаған уақытта аналары мен әкелерін барлығы бірге серуенге баруға шақырады. Аналарына арнап ағылшын тілінде шақыру хатын жазып үйренді.
Ағылшын тілі курсында оқушыларды ерекше қызықтырған тағы бір нәрсе –  ол ақша жасап ойнау болды. Ағылшын тілінде сөздерді ешбір қатесіз айтқан оқушыға белгілі-бір сомада қағаз  ақша ұсынылды. Ақшаларды жинағаннан кейін оларға азық-түлік алып ойын ойнады. Оқушылар бұл ойынға өте қатты қызығып, белсене қатысты, ақшаны үнемдеп жұмсауды үйренді. Осы ойын арқылы сөздік қорларын молайтты.
Шетелдік әріптесіміз Мисс Лерка топтарға өте қызықты тапсырмалар ұсынды. Оқушылар далада үшкір затты, жағымды иісі бар затты, ағаш қанқасын тағы да басқа формадағы заттарды аз уақыт ішінде тауып әкелулері керек болды. Ең бірінші болып тапсырмалардағы заттарды жинаған топ жеңіске жетеді. Бұл жерде оқушылардың топ болып жұмыс істеулері мен ауызбіршіліктері, сондай ақ көшбасшылық қасиеттері ескерілді. Тапсырманы бірігіп орындаған оқушылар жеңіске жетіп жатты. Осылайша жазғы мектептің тағы да бір күні аяқталды. Жазғы мектептің жабылу салтанатына арналған дайындық та басталып кетті.

Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор