Аттанды сапарға …

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мен Елордамыз Астананың 20 жылдығы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдығына орайластырылған түлектер кеші салтанаты өткізілді. Салтанатты шараға қала әкімі Ермак Сәлімов қатысып, «Алтын белгі» иелерін марапаттады.
– Сіздер бақытты ұрпақсыздар. Еліміз кемелдену жолында өмір сүріп, білім алып, қолжетімді барлық мүмкіндіктерді еркін пайдаланып отырған дәуірдің түлегісіздер. Отанымыздағы маңдайалды білім беру мекемесінен түлеп ұшқалы отырған сіздердің болашақтарыңыздың жарқын боларына сенімдімін. Қайда жүрсеңіздер де өз мектептеріңізді, сүйікті қаламыз Семейімізді естен шығармаңыздар. Сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосатын мақтаулы да таңдаулы азамат пен азаматша болатындарыңызға күмән келтірмеймін. Сәт-сапар аяулы оқушылар, -деп құттықтау тілегін арнай отырып, қала басшысы Арнұр Батталов, Мади Раисов, Гүлім Қабденова, Айым Құралханова, Шырын Мұратбекова сынды оқушылардың кеудесіне «Алтын белгілерін» қадады.
Жалпы биыл мектебімізден 137 оқушы үлкен өмірге қанат қағып отыр. Олардың алтын алғандарынан бөлек 21 –і «Ерекше аттестат» иегері атанғандары бар.
Мектеп директоры Бағдан Қайыржанов өз құттықтауында мектеп бітіруші әрбір түлектің мақтауға тұрарлық екендігін айта келіп, 14 түлегіміздің шетелдік және отандық маңдайалды оқу орындарының гранттарын ұтып алғандығын, сондай-ақ 34 түлегіміздің Назарбаев университетінің студенті атанғанын мақтанышпен жеткізді.
Шетелдік оқу орындарының арасында Гонконг политехникалық университеті, Гонконгтағы Баптист университеті, Абу-Дабидегі Нью-Иорк университеті, Лойола Мэримаунт университеті, Торонто университеті, Санкт-Петербургтегі ақпараттық технология, механика және оптика ұлттық зерттеу университінен бөлек еліміздегі Халықаралық Бизнес университеті, Ақпараттық технология халықаралық университеті, КИМЭП сынды білім ошақтары бар.
Салтанатты шара түлектер үшін мектеп әкімшілігінің әзірлеген мерекелік кешіне ұласып, оқушы сәттегі мектеп өмірінен қызықты деректі фильмдер көрсетілді. Түлектер арайлы таң шапағын қарсы алып, бір-бірлеріне қимастық сезіммен ізгі тілектерін білдіре отырып тарқасты.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі