Жатақханадағы қуыршақ театры қанат жайды

Қуыршақ театры жайындағы алғашқы деректер көне заман ойшылдары Аристотель, Геродот, Ксенофонт, Апулейдің еңбектерінде кездеседі. Жансыз қуыршаққа жан бітіріп, іс-қимыл арқылы көрерменін баулап алатын өнердің бұл түрі Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақхана тәрбиеленушілері арасында кең қанат жайып келеді. Тәрбиеші әрі үйірме жетекшісі Айжан Мұқатованың жетекшілігімен жұмысын бастаған қуыршақ театры өздерінің алғашқы тұсауын жатақхананың 1 жылдығы мерекесінде кескен болатын. Қуыршақ театры құрылмас бұрын арнайы киімдер тігіліп, қойылатын спектакльдер анықталды.
Театрдың басты ерекшелігі- сахналық қойылымдардың дені ағылшын тілінде қойылады. Осы арқылы оқушылардың тіл байлығын дамытуды көздеген өнер ұжымы аз уақыттың ішінде өз көрермендерін тауып үлгерді. Негізінен 7 сынып оқушыларынан құралған театр жуырда сериялық «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты қойылымымен қаламыздағы № 7 «Ақбота» ясли –бақшасына барып қайтты.
Жас әртістер қатары артып келе жатқан өнер ұжымының сапарын бүлдіршіндер мен бала-бақша ұжымы жақсы қабылдады. Әлеуметтік жоба аясында қойылған қойылым бүлдіршіндерге түсінікті болуы үшін спектакль қазақ тілінде сахналанды. Басты рөлдерді сомдаған жатақхана тәрбиеленушілері Еркеназ Байжігіт пен Манап Болатбековтің өнеріне балабақшадағы іні-қарындастары тамсана қол соқты. Сапар аясында шәкірттеріміз спектакльден бөлек, ән салып, би биледі.
Қойылымды бүлдіршіндермен бірге тамашалған Манаптың әжесі Әділхан Рахымбаева оқушылар еңбегінің еш кетпегендігін атап өтті.
– Бүгінгі шараның өте көңілді өткені соншалық, балалар түгілі өзімізде бір демалып қалдық. Балалық шағымызда  ата-әжелеріміздің аузынан естіген ертегі есімізге қайта түсті. Спектакльде сомдалған әр кейіпкер шынайы өмірдегідей әсерлі шықты. Тағы бір қуантқаны сол рөлдерді 7 сыныптың оқушылары сомдағаны. Бұлда олар үшін үлкен жетістік. Сахнаға шығудың оңай емес екенін ескерсек, әртіс болып ойнаудың одан зор жауапкершілікті талап ететінін білеміз. Балабақша ата-аналары атынан алғыс айта отырып, жас әртістерге шығармашылық табыс тілеймін, – деді кейуана өз сөзінде.
Аз уақыт ішінде үлкен қолдауға ие болған қуыршақ театры енді үлкен мақсат қойып, келесі кезеңді бағындыруды көздеп отыр.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі