Теміржан мен Тенгиз табысты оралды

Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары Теміржан Юсупов пен Тенгиз Ибраевтардың танымалдығы күн сайын артып келеді. Білімге құштар, жаңашылдыққа жақын жүретін жас өрендер  жуырда ҚР Білім және Ғылым министрлігі ұйымдастырған жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасында жүлделі орыннан көрінді.
Қарт Каспийдің жағасы Атырауда өткен биылғы білім бәйгесінде Теміржан информатика пәні бойынша бағын сынап күміс медальға ие болса, Тенгиз физика пәні бойынша жүзден жүйрік шығып, алтыннан алқа тақты. Жалпы аталмыш олимпиада біздің оқушыларға таңсық емес, өйткені, олардың екеуі де бұған дейінде дәл осы сында бақтарын сынап көрген.
– Мен бұл олимпиадаға 2 жыл қатарынан қатысып отырмын. Былтыр бұл сын Павлодар қаласында өткен еді. Ол кезде де күміске қол жеткізгем. Биыл тағы да сол межеден көрініп отырмын. Олимпиада бізді шыңдай түседі. Мектепте алған білімімізді саралап, тексеріп көруге таптырмас мүмкіндік. Жеңісті күндері бұнымен тоқталмайды деп ойлаймын, – дейді шәкіртіміз Теміржан Нұрланұлы.
Ал, Тенгиз болса бұл олимпиадаға 4 –ші мәрте қатысыпты. Бұған дейінде намысты қолдан бермеген ол жүлде қоржынын тағы бір алтынмен толықтырды. Осылайша, қос шәкірт мектеп ұжымын Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы кезекті жеңісімен қуанта білді.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.