КЕЗЕКТІ ЖАРЫС – ЖАҢА ЕСІМДЕР

Спорт түрлерінің ішінде кез-келген жастағы адамға қолжетімдісі– үстел теннисі. Ол адам бойындағы жылдамдық, ептілік, қимылды басқарушылық, көзбен мөлшерлеу, ойлау сынды қасиеттерді қалыптастырып, арттырады.
Бүгінде дүниенің төрт бұрышына кеңінен тараған үстел теннисімен адамдар алғашында түстен кейінгі ойын ретінде ермек қылған. XIX ғасырда ойыншылар ас үстелінің үстіне тордың орнына кітаптарды қойып, шылымның қорабымен бөтелкенің тығынын соғып ойнаған. Жылдар бойы түрлі өзгерістерге ұшыраған үстел теннисі адамдардың да қызығушылығын оятып, онымен айналысушылардың қатары көбейе берді. Қазір қолына ракетка ұстауға жарайтындардың барлығы осы спорт түрін еркін меңгере алады. Үстел теннисінің тағы бір ерекшелігі –  жазғы олимпиада ойындарының қатарына енуі. Демек, осының өзі спорттың бұл түрінің үлкен сұранысқа ие екендігін білдіреді.
Жуырда Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде денешынықтыру – сауықтыру және спорттық – бұқаралық мерекелердің күнтізбелік жоспарына сәйкес 7 -12 сынып оқушылары арасында үстел теннисінен біріншілік өтті. Мақсат – оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, мектептің мықты теннисшілерін анықтау.
5  күнге созылған мектепішілік чемпионат дене тәрбиесі және эстетика әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен айналмалы  жүйе бойынша өткізілді. Жарысқа жиыны 36 оқушы қатысты. Олардың 10 – ы қыз, 26 –ы ұл. Біріншілік барысында қатысушылардың жасерекшелігі ескеріліп, 7-9 және 10 -12 сынып оқушылары арасында бөлек  өткізілді.  Нәтижесінде ептілік пен жылдамдығы шебер ойыншылардың 7-9 сынып қыздары арасынан 1 –ші орынды Рената Усманова, 2 –ші орынды Динара Байділданова, 3 –ші орынды Дана Бекішовалар жеңіп алды. Дәл осы жастағы сынға түскен ұлдар арасынан Әлішер Сәбиғалиев 1- ші орын, Дияр Ильдартов 2- ші орын, Зейман Зейналғабиев 3 –ші орынға ие болды. 10 -12 сынып қыздары ішінен үздік үштікке Полина Смирнова, Ботагөз Темірбаева, Айжан Әлімғазиевалар ілікті.
Жарыстың соңғы күні осы 3 топтың үздіктері өзара сынға түсіп, бірінші орынды Әкежан рақышев жеңіп алды. Жүлделі 2-ші орын Дияр Ильдартовтың еншісіне жазылса, ұлдарға мықты қарсылас атанған Полина Смирнова 3 –ші орын иегері атанды.

Дене тәрбиесі және эстетика әдістемелік бірлестігі