«THE VOICE OF NIS-2018» – ЖАҢА ТАЛАНТТАРДЫ ІЗДЕЙДІ

Бұлақ көрсең, көзін аш. Бабадан қалған аталы сөздің астарына терең үңіліп, ғибратты өсиетті орындауды нақты іспен дәлелдейтін Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өз оқушыларының білімді ғана емес, өнерлі де болуына баса мән береді.Осы мақсатты басшылыққа ала отырып, жас талаттарды қолдау, олардың музыкаға деген сүйіспеншіліктерін арттыруды көздейтін «The VOICE of NIS-2018» ән байқауы дәстүрлі түрде биыл да жалғасын тапты. Осыдан 3 жыл бұрын бастау алған мектепішілік бұл жоба жыл өткен сайын аясын кеңейтіп, әнге жаны құмар жас өнерпаздардың танылуына жол ашып келеді.
– Жобаның біздің білім ошағымызда жүзеге асуының өзі бір қызық оқиға болды. Келешекте ел тұтқасын ұстар білікті, алғыр шәкірттерді тәрбиелеп отырған біздің мектеп ұжымы үшін оқушының жан-жақты тұлға болғаны бәрінен де маңыздырақ. Осыны ескере келіп, жаңа бір форматта елді елең еткізерлік жаңалық қажет болды. Соңында мектеп директорының бейінді эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенова мен директордың тәрбие ісі жөніндегі сол кездегі орынбасары Қалжан Омарбаевалармен ақылдаса отырып, осы жобаны қолға алуды жөн деп таптық.  Бастамамыз қолдаусыз болған жоқ. Алғашқы жылдың өзінде сайысқа қатысуға 50 –ге жуық үміткер өтініш білдіріп, өз бақтарын сынады. Оқушыларымыздың өнерге деген қызығушылықтары мол екендігін ескере келе күні бүгінге дейін желісін үзбей өткізіп келеміз. Биылғы сайыстан да күтеріміз көп дейді, – жоба авторларының бірі музыкалық көркемдік жетекші Руслан Қасенов.
Мектепішілік жоба әлемдік деңгейде үлкен сұранысқа ие «The Voice» телевизиялық форматтағы вокалдық сайыстың көшірмесі. Түп тарихы қызғалдақтар отаны саналатын Голландия мемлекетінде пайда болған өнер бәйгесі алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылған екен. Содан бері 6 құрлықтың барлығында қалың көрерменнің асыға күтетін бағдарламасына айналған.
Ән сайысының талаптары да еш өзгеріссіз қаз – қалпында сақталған. Яғни, алғашқы кезеңде қазылар сахнаға теріс қарап отырып, әр әншінің дауыс күшіне, ән орындаудағы ырғағына қарай таңдап алады. Әр қазылар алқасы мүшесінің тобына 6 үміткерден іріктеледі. Екінші кезеңде осы қатысушылар трио болып ән салып, бекітілген тәлімгер қалауымен әр үштіктен бір адамнан ғана қалады. Сайыстағы 3 кезең шешу сәттердің бірі деуімізге болады. Өйткені осы кезеңге өткен 8 үміткер елімізде қолға алынған «100 ән» жобасына енген музыкалық шығармалардың бірін орындауы шарт.Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі әр топтағы қатысушы өз тәлімгерімен жұптаса ән шырқайтын болады. Ал олардың өнерін бағалайтын өзге тәлімгерлердің шешімімен ақтық кезеңге 4 үміткер ғана жіберіледі.
Байқасаңыздар, әр кезеңге аяқ басқан сайын талап күшейе түседі. Ақтық сынға жолдама алған 4 үміткер ән жазу студиясына барыпбарлық кезеңдегі әлемдегі хит әндердің бірін жазады. Оған арнайы бейнеклип түсіріледі. Сол бейнеклип «YouTube», « Instagram» сынды әлеуметтік желілерге орналастырылып, 2 тәулік бойы дауыс беру жүргізіледі. Кім көп дауыс жинаса сол бас жүлдені қанжығасына байлап, мектептің «Үздік дауысы» атағына ие болады.
Биылғы сайысқа бағын сынап көруді жөн санап, сахнаға алғаш көтерілген жаңа толқынмен бірге ән салудың қыр-сырына жақсы қаныққан жас өнерпаздар да қатысты. Мәселен, Семейдегі түрлі вокалды студияларда тәлім алушылар мен 1-ші республикалық «Жас толқын» ән байқауының 1 орын жүлдегері Алтыния Ғазизова мен осы байқаудың 2 орын иегері Дана Мұқанова сынды оқушыларымыз бүгінгі байқауда барын салды.
– Әнді 10 жасымнан бері айтамын. Осы сайысқа қатысу арқылы өзге адамдармен бірлесе жұмыс жасауды үйреніп, жаңа достар таба ламын деп үміттенім. Мақсатым – өзімді сынап көру, тәжірибе жинақтау. Дәл осы сайыстың деңгейі өте жоғары. Оған қаыстықан әрбір оқушы өзін-өзі дамытатынына сенімдімін. Алғашқы кезеңде кореялық «ЕХО» тобының «Baby don’t cry» әнін орындадым. Мені кәріс тілі өте қатты қызықтырады. Сайыстың келесі кезеңінде тәлімгерімнің ақылына сүйене отырып, ән таңдап, дайындалатын боламын. Қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, -дейді 8 сынып оқушысы Іңкәр Раханова.
Шынымен көп жылғы жиналған тәжірибенің арқасында биылғы сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бір жобаның сәтті жүзеге асуы үшін 30 –ға жуық адам жұмылдырылып, сахнаның безендірілуі, жарықтың сәтті қойылуы, сахна сыртындағы әншілермен жұмыс жасаушы топ, зал толы қолдаушылар осының барлығы нағыз өнер майданында жүргендей әсер қалдырды.  Аурасы тамаша ортада ән шырқап, әнші болсам деген балаң қиялына қанат бітірген шәкірттеріміздің болашақта бағындырар биік шыңдарының алғашқы баспалдағы біздің мектеп сахнасында қаланатына сеніміз мол. Тек ақжол тілейміз. Алдағы кезеңдерде шын мықтына көретін боламыз.

 
Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы