СЕМЕЙДЕ ЕРІКТІЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және Семей жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қалалық еріктілер форумы өтті. 

Облысымыздағы волонтерлік бастамаларды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған басқосуда спикерлеріміз 6 бағыт бойынша жастарға тың ақпарат таратты. Семей қаласындағы ФМБ НЗМ директоры Наркен Буркенов форум қатысушыларына сәттілік тілеп, жиынның еріктілердің тұлғалық дамуларына ой салатын тұстары көп екенін атап өтті.  

– Мектебімізде сын сағаттан халықтың сүрінбей өтуіне себепші волонтер жастарымыздың жиналғанына қуаныштымыз. Ерікті болу – ерлік. Сіздер волонтерлік жолда тек қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып қоймай, өмірлік тәжірибе жинап жатырсыздар.      Игілігі мол іспен айналысып жатқандарыңызға алғыс білдіремін. Бүгінгі іс-шара сіздер үшін табысты әрі пайдалы болады деп сенемін, – деді мектеп директоры Наркен Буркенов.

 Жиынға шаһарымыздағы 19 колледжден 120-дан астам адам қатысты. Волонтерлер көшбасшылық, бизнес, цифрлық дағды, алғашқы медициналық көмек, стресске төзімділік, гендерлік пен инклюзия тақырыптары бойынша білім алды. Сондай-ақ,  форум барысында жастарымыз «Интелектуалды жастар қауымдастығы» өткізген қазақша квиз ойыны бойынша бақ сынасты.

 Іс-шара соңында белсене қатысқан қатысушыларға сертификат табысталды.