Театр саңлақтарымен кездесті

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары “Даналық бейсенбі” жобасының аясында Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры әртістерімен жүздесті. Биыл киелі қара шаңырақ өнер ордасына 90 жыл толып отыр. Алғыс айту күні қарсаңындағы тәрбиелік-тағылымдық мәні зор шара Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» спектаклінен үзінді көрсетумен басталды. Рухани кеш театрда 30 жылдан артық еңбек еткен ҚР Мәдениет саласының үздіктері Азамат Нұрғамыс, Сәндібала Бекбаева, Айтбек Тәшімбетов, Сұлушаш Төлекова, Бекзат Омашев, Назым Мұратханова, Бауыржан Халықұлының ғибратты әңгімелерімен жалғасты.

– Шәкірттерімізге рухани-эстетикалық тәрбие беруге бағытталған шаралар бізде жиі өтіп тұрады. Дегенмен бүгінгі кештің орны ерекше. Сахна саңлақтарының өмірдегі, өнердегі жолдары жастарға үлгі. Театр – тәрбие ортасы. Шараны тамашалаған ұстаздар мен оқушылардың ерекше әсер алғандарына күмән жоқ. Өнер ұжымына үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді өз сөзінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Дүйсенбаева.


Кеш барысында қонақтардың жеке өнерлерін де тамашалауға мүмкіндік туды. Театр бишілерінің күшімен ырғақты билер биленді. Бір мезет мектеп оқушыларының қатысуымен сұрақ-жауапқа кезек беріліп, сахналық шеберлік те шыңдалды. Белсенді қатысқан шәкірттеріміздің арасынан 8 сынып оқушысы Аяжан Сағадиева мен 11 сынып оқушысы Махамбет Халелге театр атынан 1 жылдық абонемент сыйланды.


Қос тарап бұл мәдени байланыстың алдағы уақытта жалғасын таба беретіндігіне уағдаласып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.